UI-UX дизайн – өте қызықты мамандық – Гүлнұр Асан

1491

Бүгінде заман ағымынан қалмай IT саласын меңгеріп, шет елдік компанияларда жұмыс істеп жүрген қазақстандық жастар аз емес. Солардың бірі – 23 жасында senior (аға дизайнер) атанып біліктілігін арттырған Гүлнұр Асан. Соңғы жарты жылдан бері Абу-Даби қаласында фрилансер ретінде жұмыс істеп жүрген ол jas.kz порталына өзінің мамандығының қыр-сырымен бөлісіп еңбек жолын баяндап берді.

– Қазір жасым 25-те. Алматыдағы қазақ-түрік колледжінде маркетинг және менеджмент мамандығы бойынша білім алдым. Оқу орнымызда Қуаныш Шонбай сабақ берді. Бәлкім ол кісінің лекцияларын тыңдағаннан кейін болар, өзімді осы саладан көргендей болдым. 

2-курсты аяқтағаннан соң, таңдаған бағытта бағымды сынап көрмекші болып, шағын компанияға жұмысқа орналастым. Алайда, ол жерде мықты мамандардың болмағандығынан, өкінішке мүмкін бағыма қарай тәжірбие жинай алмадым және аталған мамандыққа бастапқыдағы қызығушылығым су сепкендей басылды. 

Жүре келе маркетингке қарағанда дизайнерлік бағыт көбірек қызықтыра бастағанын байқадым. Афишалар жасау, фотошоппен айналысу, моушн роликтерді монтаждау сияқты жұмыстармен айналысып жүрдім. 

3-курстың қыркүйек айында  стартап жобаға  маркетолог және офис менеджер болып жұмысқа орналастым. Алғаш рет UI және UX ұғымымен де осы жерде танысқан едім. Жалпы колледжде информатика пәнінде бірен-саран код жазғаным болмаса, IT саласынан мүлде хабарым да тәжірбием де жоқ еді. Тиісті жұмысымнан бөлек, офистегі дизайнерлерден ақыл-кеңес сұрап, қосымша тапсырмалар орындап жүрдім. 

Бірте-бірте хобби болған ісім негізгі кәсібіме айналып, интерн-маркетологтан интерн-дизайнерге айналдым. Еліміздегі Теле2, Номад Иншуранс, Алтел, Хоумкредит банк сияқты үлкен компанияларда тәжірбие жинадым. Одан бөлек, БҰҰ, Juz entertаinment-пен бірігіп, жобалар жасадым. 

Қазір жас дизайнерлерді оқытумен де айналысамын. Егер осы салаға қызыққан болсаңыз, алдымен сізге  теориялық білім қажет. Ол үшін өзіңізге тиімді онлайн курстан өтуге кеңес беремін. Ол жерде  теорияны игеріп, барлық біліміңізді іс жүзінде қолдана аласыз. Одан кейін маңыздысы – тәжірбие. Барлық құралдарды жақсы меңгеру үшін көп жаттығу керек. Уақытыңызды қиып, өз еркіңізбен веб-сайт  немесе мобилді қосымша  жасап көріңіз. Көп уақыт пен күш жұмсайсыз, бірақ жоба бойынша жұмыстың барлық кезеңдерінен бірден өтесіз.

Шынында,  UI-UX дизайн өте қызықты мамандық. Шығармашылық пен жаңа технологияларды ұштастырып тұтынушыларға қолайлы платформалар жасайсың. 

Дизайннан алыс адамдар UX және UI дизайн ұғымдарын шатастырады. Бұл терминдер бір-бірімен байланысты болғанымен, олардың айырмашылықтары айтарлықтай көп. 

Мысалы, теледидар сатып алдыңыз делік. Оның батырмалардан және пластик корпусы мен микросхемалардан тұратын пульті бар. Егер пульт сайт немесе мобильді қосымша деп алатын болсақ, онда UX дизайнері пульттің ішіндегі бағдарламаларын жасайды. Түймелер мен корпустың дизайны үшін-UI дизайнері жауап береді. UI, UX дизайнерлеріне керек негізгі қасиеттердің бірі: адамдармен қарым-қатынас, креатив, аналитикалық ойлау және командада жұмыс істей білу.

Аталған мамандық иелері бүгінде  жоғары айлық алады деп айтуға болады. Мықты дизайнерлердің орташа жалақысы  400-1,5 млн дейін жетеді. Тіпті одан да көп болуы мүмкін. Ол сіздің кәсіби біліктілігіңіз бен тапсырыс берушіге байланысты. Қазір жұмысыма байланысты Абу-Дабиге көшіп кеттім. 

Ал мен жас дизайнерлерге сәттілік тілеймін. Ешқашан кеш емес.