«Туған Жер» бағдарламасы аясында Алматы облысында тағы бір жоба жүзеге асты. Облыстың белгілі меценаты, «Zhersu» ИӨК бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов өз қаражатына Есім Төре кесенені жөндеуден өткізді.
Есім Төре — Қазақстан тарихындағы аңыз тұлғалардың бірі. Ол 1852 жылы қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданы Шоқты ауылында дүниеге келген. Ол ауыр жылдары өз жерлестеріне ғана емес, басқа өңірлерден жәрдем сұрап келгендерге де көмегін аямаған. Ел аузында Есім Төренің жылқысын айдағанда Шынжылы өзенінің ағысы тоқтап қалатын деген аңыз да тараған. Есім Төренің өнердің дамуына қаржылай көмек бергені белгілі. Сонымен бірге ол Романовтардың 250 жылдығын тойлауға Санк-Петербург қаласына шақырылғандардың бірі болған.
Мұндай тұлғаның кесенесінің жөнделуіне Есім Төре ұрпақтары ғана емес, аймақ тарихшылары мен тұрғындары да қуанды. Мавзолейдің ашылуына жиналған қара нөпір халық осыған дәлеле. Жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында «Туған Жер» бағдарламасын жүзеге асыруды ұсынды. Біздің өңір бұл бастаманы бірінші болып іске асыруда және бірнеше нысанды жөндеп те үлгерді. Олардың бірі — Есім Төре кесенесі. Облыс басшылығы мен тұрғындары атынан Бауыржан Кеңесбекұлына зор алғысымды білдіремін», — деп атап өтті әкімнің орынбасары.
Сонымен бірге, жиналған жұрт алдында Есім Төренің ұрпақтары да сөз сөйлеп, өз алғысын жеткізді. Ал аймақ тұрғындары жөндеу жұмыстарының аяқталуына орай ас берді.