Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Алматы облысы тауар өндірушілерінің форумында «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылып, жүлдегерлері белгілі болды. Аймақтық конкурс-көрмеде аты оза шапқан «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Лепсі өнімдері» ЖШС және «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС сынды іргелі кәсіпорындар республикалық конкурстың өңірлік кезеңінің жеңімпаздары болып, олардың әрқайсысына 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Форумға қатысушылар мен жүлдегерлерді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келіп, құттықтады.
Жылына бір рет болатын басқосу І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы фойесінде облыстың әр ауданы мен ауылында өндірілген түрлі өнеркәсіп тауарларынан ұйымдастырылған көрмені тамашалаудан басталды. Көрмеден соң залға жиналған көпшілік алдына көтерілген облыс басшысы форумға қатысушыларды құттықтап, өңірдегі өндіріс саласының жетістіктері жайлы айтып, бизнестің дамуына, кәсіпкерлікті қолдау шараларына жан-жақты тоқталды.
– Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілердің алдына өнім сапасын халықаралық стандарттар талаптарына жауап бере алатындай деңгейге дейін көтеру жөнінде аса зор міндеттер қойды. Басымдыққа ие салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті өркендетуге қатысты тың міндеттер жүктеліп отыр. Сонымен қатар 2050 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін екі есеге арттыру керектігі жөнінде тапсырма қойылды. Облысымыздағы кәсіпорындардың әлеуеті аса зор. Ең бастысы, мақсатты бағыттан ауытқымауымыз қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-конкурсының барлық қатысушыларының талпынысына серпін тілей отырып, республикалық байқауда жеңіс тұғырынан көрінетіндігіне сенім танытамын, – деген облыс басшысы келесі кезекте конкурс-көрме жеңімпаздарын марапаттады.
Республикалық конкурс-көрменің облыстық кезеңінде үздік кәсіпорын атанудан үміткерлер төрт аталым бойынша сынаққа түсіпті. Соған сай жүлдегерлер де осы аталымдар бойынша анықталып, марапатталды. Әр аталым бойынша 3 жүлделі орын белгіленген. Мәселен, «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» аталымында I орынды «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС жеңіп алса, «Үздік азық-түлік тауары» аталымында – «Лепсі өнімдері» ЖШС, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымында «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС үздік деп танылды. «Жетісу жауһарлары» ЖШС қызмет көрсетуші үздік мекеме ретінде алға шықты. Жоғарыда аталған аталымдардағы екінші және үшінші орындарға ие болған кәсіпорындар ішінде азық-түлік, құрылыс материалдарын шығаратын, киім тігетін және басқа да өнімдер өндіретін зауыттар мен фабрикалар бар. Жеңіске жеткендерге 200 мың теңгенің, екінші және үшінші орыннан көрінгендерге 100 және 150 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Бірқатар кәсіпкерлер облыс әкімінің алғысхатын иеленді.
Өңірлік конкурс-көрмеге қатысушылар мен жеңімпаздарды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Алматы облыстық филиалының директоры Ләззат Шыңғысбаева да құттықтап, облыста оза шапқан кәсіпорындардың республикалық байқауда да өздеріне лайықты биіктерден көрінетіндігіне сенім білдірді.
Конкурс-көрмеде бақ сынағандар мен топ жарғандар атынан «Үздік азық-түлік тауары» аталымының үшінші орнына лайықты деп танылған жеміс шырындарын шығаратын Apple World ЖШС директоры Дәурен Әлибаев сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаулар мен облыстық әкімдіктің демеулері арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырғандарын айта келе, кешегі бәсекелес, бүгінгі жеңімпаз әріптестеріне республикалық конкурста сәттілік тіледі.
Биылғы конкурстың аймақтық кезеңіне Алматы облысының 50 кәсіпорыны қатысыпты. Енді лауреаттар Астанада өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2017» көрме-конкурсының республикалық кезеңіде бақ сынайтын болады.