Пятница, 22 ноября, 2024
No menu items!

«Мен» және «Біз» деген егіз кітаптың тұсауы кесілді

Басқа ақпараттар

«Театр – өмір айнасы», — дейміз. Қоғамда болып жатқан сан алуан құбылыстарды астарлап айтып, көрерменнің ішкі сезімін сахна кейіпкерлері арқылы көрсетіп беретін театрдың біз үшін алар орны ерекше. Одан бөлек, театрдың жан-жақты өсіп жетілуі үшін оның тарихымен бірге сыны да қоса дамып отыруы керек.

Соған орай 23 қараша күні Ұлттық Академиялық кітапханада өнертанушы-журналист Назерке Жұмабайдың «Мен» және «Біз» деген егіз кітабының (twinbook) тұсаукесері өтті. Бұл кітап екі бөлімнен тұрады. «Мен» деп аталған І бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық әлемінің қыр-сыры баяндалған. Сондай-ақ бұл бөлімде өнер иесінің актерлік пен ұстаздық жолынан бөлек, режиссура саласындағы өзіндік қолтаңбасы, театр әлемінде салған сүрлеуі бейнелі тілмен көркем сарапталған.

Ал егіз кітаптың «Біз» деп аталған екінші бөлімінде биыл тарихына 10 жыл толып отырған елорданың төл перзенті Жастар театрының құрылу мен қалыптасу жолы кеңінен баяндалады. Аталмыш театрдың соңғы он жыл көлеміндегі дамуы мен репертуарындағы спектакльдерге арнайы сараптама жасалып, нақты дәйектер негізінде талдау жасалған.

Бұл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров модераторлық еткен бұл тұсаукесерге кеш қонағы Нұрқанат Жақыпбаймен бірге белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанова, Қазақстан Кинематографистер Одағының мүшесі, өнертану кандидаты Нәзира Рахманқызы, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев, «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Жарқын бейне» жəне «Келбет» бағдарламаларының продюсері Жаңыл Асылбекова және театр өнерінің жанашырлары қатысты. Кітаптың тұсаукесер салтанаты кезінде автор жайлы да, театр, өнер және әдебиет жайында да толғандырарлық пікірлер айтылды.

Роза Мұқанова: «Нұрқанат Жақыпбай – осы Жастар театрынының негізін салып қана қоймай, жас актерларды да тұлға ретінде қалыптастырып жатқан режиссер. Назерке кітапта «Мен» деп өзінің философиясын айтып, өз қолтаңбасын қалдырса, «Біз» деп Жастар театрымен бірге жеткен биігін, қол жеткізген жетістігін айтқан. Яғни, «Менді» «Бізге» айналдыра алған. Сондықтан, Назерке мен сіздің шығармашылығыңызға рахмет айтамын».

Нәзира Рахманқызы: «Сыншыларға жазу үшін сол саланы жақсы көру керек немесе өте ұнатпау керек. Ал солардың ортасында тұрып, пікір айту – қиын жұмыс. Сондай жауапкершілікті Назерке сезіне білген. Сондықтан бұл кітап – жай ғана есеп беру емес, бұл шын мәнінде махаббаттан туған кітап. Егер ол өз кеийіпкерлерін жақсы көрмегенде, бұл кітап шықпайтын еді. Маған бұл кітаптың концепциясы, композициясы, берілген атауы қатты ұнады».

Кеш барысында сөз алған режиссер Нұрқанат Жапқыпбай: «Дәл қазір ең бақытты жан–Назерке. Өйткені, оның жазған тұлғасы қасында отыр. Оның қиын жағы да, жақсы жағы да бар. Қиын жағы – ешқандай өтірік айта алмайсың, ал жақсылығы сол – кейіпкеріңе тірі кезінде өз бағаңды бере алдың, дей келе қонақтарға:

Бүгін ойда жүрген мәселелерімізді ортаға салып, бір-біріміздің өнерімізге тәнті болып, жақсы сөздер айтқанымызға қуаныштымын. Осындай күндеріміз көп болса екен. Рахмет сіздерге!» — деген ақ тілегін жеткізді.

Сондай-ақ кеш соңында «Жастар» театрының ұжымы хормен ән айтып, жиналған қауымның ықыласына бөленді. Ал «Мен» және «Біз» деп аталған егіз кітап автордың қолымен кітапхана ұжымына табыс етілді.

Шынында да бұл кітаптар өнер әлеміне, әдебиет әлеміне келіп қосылған егіз туынды еді.

 Әсем Құлманова

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img