Суббота, 23 ноября, 2024
No menu items!

ТҰҒЫРЫН  ІЗДЕГЕН ЖАС ӨРЕН

Басқа ақпараттар

Мен оны үнемі жақсы жерлерден көріп жүремін: руханиятқа арналған әртүрлі қалалық, республикалық, халықаралық жиындардан. Әсіресе Алаш тақырыбы өзін қатты қызықтыратынын байқаймын. Жасы үлкендерге жақын жүреді. Әдейі сәлем бере барып, қатарлары сиреп, үйде отырып қалған қазыналы қариялардың көңілін аулайды, өткен өмірлерінен сыр тартып, бүгінгі жастарға өнеге-үлгі боларлық қазына жинайды. Мен оның осындай жүріс-тұрысына қарап, біраз жасқа кеп қалған ысылған жігіт пе деп ойлайтынмын. Жоқ, жиырмадан жаңа ғана қылаң берген бозбала екен. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің үшінші курс студенті. Осында «Ақ жол» демократиялық партиясының «Алаш жастары» атты жас қанат ұйымын құрып, өзі басқарып келеді. Алаш идеясын таратуда жастар арасында алымды жұмыс атқарып отыр. Дүниеден өткен Алаш арыстарының бүгінгі көзі тірі ұрпақтарын төңірегіне жинап алуы қандай көрегендік десеңізші. Кездесулер құрғақ болмай, қиянат көрген адамдардың тағдыр тәлкегі арқылы өткендегі ауыр күндер көз алдыңа келеді. Шынында, Алаш ардақтыларының бүгінгі көзі тірі ұрпақтары Роза Бисенова, Жамбыл Камелов, Әнуарбек Ералы, Дінәлі Тәңірбергенұлы, Қайырбек Кемеңгер үлкен толғаныспен, кейде көздеріне жас алып тұрып айтатын естеліктері тыңдаушыларын әсте де бей-жай қалдыра алмасы анық.

Есті адам жинайтын білім-біліктің түрлері көп қой. Соның ішінде ұлттық дәстүр, салт-санамен келетін рухани қазынаның орны бөлек. Жасының үлкен кішісіне қарамай бұл түсініктен айрылып қалып, одан мақұрым жүргендер қаншама қазір. Кенжебектің бұл жағынан да, қаршадайлығына қарамай, толымдығы бірден көзге түседі. Астананың ескі қорымында орыстардың Ақмола бекінісін күйреткен Кенесары хан сарбаздары және алашшыл аса ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов жерленген. Кенжебек жетекшілік ететін жастар ұйымы жылына бірнеше рет осында орталарына молда алып, үлкендерді қатыстыра отырып, әруақтарға бағыштап құран шығартады. Студенттердің тиын-тебенінен құрастырып мұсылмандық жолымен шәй ұйымдастырып жіберетіндерін қайтерсің. Осындай жастарды көргенде, кейбір жүдеген қарт кісілердей жоқты айтып күңіренгің келмейді; керісінше, ел мен ұлттың болашағына сенесің, қуанасың. Биыл жазда ЭКСПО-2017 аясында өткен Маңғыстау облысының күндері туралы мақала жазған едім. Соны Кенжебек балам менен алып, «Маңғыстау» газетінде жариялатып, екі данасын әкеліп қолыма тапсырды. Мұндай алымды пысық жасқа қалай сүйсінбессің.

Менің қолымда қазіргі ірі басылым «Қазақ үні» гзетінің 2014  жылғы 18 наурыздағы № 11 саны. Он үшінші бет. Кенжебек Сержанұлына арналыпты. Басты мақаланы Маңғыстау облысының құрметті азаматы Дүйсембі Әріпұлы жазған. Жас өренмен қалай танысқаны жөнінде ол былай депті: «Ассалаумағалейкум, Дүйсембі аға, мен Кенжебек деген ініңіз боламын. Сізді танимын. Ұлы Отан соғысының ардагері, шежіреші әрі кітаптар жазған қаламгер ағаңыз Бисембі ағаны да білемін. Өткенде Жеңіс күнімен құттықтап кеттім…» Он алты жасында «Мерей» баспасынан бес бөлімнен тұратын, көлемі 15,5 баспа табақ «Бейбіт елдің ұланымын» деген кітап шығарған Кенжебек осылайша Дүйсекеңді бірден сүйсіндіріп, жас алшақтығын ұмыттырып, аралары байырғы дос-жарандардай болып кетіпті. Газетте бірнеше ақынның Кенжебекке арнаған жүрекжарды өлеңдері де басылыпты. Халық ақыны Қалбай Әбдіраман өзінің ашық турашыл мінезімен былай депті:

Кірбің болса көңіліңде сүртіп таста,

Болашақпен ешқашан мылтықтаспа.

Сәтті болсын алғашқы құт-қадамың,

Жаман болса кітабың…

Жыртып таста!..

Жаза білетін адамның жаңа жаза бастаған адамға айтар тура сөзі осындай болса керек-ті. Алайда, Кенжебек мырзаның алғашқы кітабы жатып қалмады, оқырманын тауып тез таралып кетті. Жігіт қанаттанды. Екінші және үшінші кітабын жазды. Тұғыры биік өрісіңді іздеуден шаршамай-талмай алға ұмтыла бер, қарымды жас – Кенжебек Сержанұлы!

 

                                                                  Өтен АХМЕТ,

жазушыдраматург,

                                                                                                       Астана қ.

30.10.2017 жыл.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img