Понедельник, 25 ноября, 2024
No menu items!

Алаш арыстары аңсаған азаттық

Басқа ақпараттар

Алаш ұсынған бағдарлама қазақ еліне өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін шешуге, атамекеніне өзі ие болуға мүмкіндік беретін жол болды. Бұл қозғалыс совет үкіметі тарапынан тексерілгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді.

Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштың идеясы саналы қазақ баласын, елжанды қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында болатын. Сондықтан, тәуелсіздік жайлы сөз болған кезде Алаш қайраткерлерінің ұлы ерлігін мақтанышпен еске алуымыз керек.

Соған орай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш жастары» бірлестігі «Алашорданың» 100 жылдығы мен тәуелсіздік мерекесіне арнап ұйымдастырған «Азаттық аңсаған алаш арыстары» атты тарихи-мәдени кеш өтті. Кеш барысында Алаш зиялыларының азаттық жолында көрген азабы мен аңсаған арманы, өлшеулі ғұмырының ерлікке толы сәттеріне негізделген сахналық қойылымдар қойылып, жиналған қауымды ерекше толқыныс пен әсерге бөледі.

Сонымен қатар, университеттің өнерлі студенттері «Самұрық» тобы «Шаттық» биін, «Дала сазы» ансамблі «Балбырауын» күйін, Меруерт Қасымбек жетігеннің сүйемелдеуімен «Қарлығаш», «Секіртпе» әндерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, Әбубәкір Қайранның «Қасқыр» өлеңін оқыған Санжар Тоқанов жиналған қауымға ерекше рух сыйлады.

Кеш қонағы болған дәстүрлі әнші Өзгеріс Шерікбай да халық әндерінен шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қорытынды сөз алған алаштанушы, ақын Ықылас Ожайұлы алаш пен азаттық ұғымының егіз екенін:

Кеше…

Кеңестік бодандық

Менің күп-күрең қаныма суарып,

Қып-қызыл ту ілген

Кермек жасымды

Кекете сімірген.

Мен содан…

Алаш боп үзіліп

Азат боп қайтадан тірілгем,

Тірілгем…

Жусанның бұрқырап бүрінен,-деген өлең жолдары арқылы жеткізе отырып, тәуелсіздіктің түп тамыры алаш идеясында жатқандығын баса айтты.

Кеш соңы Ботагөз Жақиянованың орындауындағы «Тек алға» әнімен қорытындыланып, естелік суреттер түсірілді.

«Азаттық аңсаған алаш арыстары» атты тарихи-мәдени кеш Алаш пен азаттықты қатар ұштастырып, көрермен қауымға айрықша әсер қалдырды.

Өткен ғасырдың басында жеке ел, мемлекет боламыз деген Алаш зиялыларының аңсаған арманына бүгінде біз қол жеткіздік. Ендігі парыз – Алаш аманаты болған азаттығымызды мәңгілік өз биігінде сақтап қалу.

Әсем ҚҰЛМАНОВА

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img