Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Нотр дам де Пари» мюзиклі көрсетілді. Әлемге әйгілі шығарманы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы ұсынды. Гиннестің рекордтар кітабына енген мюзиклдің қазақ тіліндегі көрсетілімінде түпнұсқадағы ерекшеліктер толық сақталған. Әсіресе, әртістердің киімі мен сахнадағы декорация сүйсінтпей қоймады. Ал, мюзиклдегі әуен өз алдына бөлек тақырып.
Әйгілі француз-канадалық туынды отандық өнер үшін ірі жетістік болғалы тұр. Себебі, бұл мюзиклді түпнұсқадан алып, өз ана тілімізде көруге мүмкіндік алдық. Ал, екінші жағынан шығармада ойнаған әртістер үшін үлкен шығармашылық мектеп пен шеберлікті шыңдауға жасалған қадам болды.
Шығармада француздық шансон мен сыған әуендеріне негізделіп жазылған 50-ге жуық ән орындалды. Эсмеральда, Квазимодо, Фролло, Феб және мюзиклдің өзге де кейіпкерлер өмірлері ешкімді де бей-жай қалдырмады. Осы уақытқа дейін сахнадан түспей келе жатқан атақты «Нотр дам де Пари» өнерсүйер қауымды ыстық ықыласқа бөлей беретіндігі сөзсіз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келешекте әлемдік мюзиклді Қазақстанның барлық қалаларында қою жоспарланған. Шынайы ғашықтық пен сатқындық хикаясы, сенiм мен ғажайыпқа толы қойылым кɵрермендердi тамсандырғаны залдағы қошеметтен айқын байқалғаны хақ. Сахнада XX ғасырдың ең үздiк əндерi шырқалды. Ерекше атмосфера сыйлайтын француздық шансон желiсiндегi мюзиклін 24 желтоқсанға дейiн Бейбiтшiлiк жəне Келiсiм сарайында тамашалауға болады.
Дүниежүзін таңқалдырған «Notre Dame de Paris» мюзиклінің 20 жылдығы елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Алғаш рет 1998 жылы Париж қаласында қойылған мюзикл әлемнің 9 тіліне аударылған. Енді, Қазақстан атақты мюзиклді өзінің мемлекеттік тіліне аударған оныншы ел болып отыр. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын «Notre Dame de Paris» қойылымы заманауи Қазақстанның тарихындағы айтулы оқиға болары сөзсіз.
«Notre Dame de Paris» мюзиклінің түпнұсқасымен сәйкес келетін қазақ тіліндегі қойылым өзінің түпкі сарынын сақтап қалды. Қойылымның басты ерекшілігі мен жетістігі – қойылымда өнер көрсететін талантты вокалистер, актерлер, акробаттар мен бишілер еліміздің барлық аймағынан іріктеліп, 5 ай бойы қатаң кастингтен өткен отандық өнерпаздар. Бұл қойылымға жетекшілік ететін мюзикл авторлары Р.Коччанте мен Л.Пламондон, сондай-ақ француздық продюсерлер мен режиссерлер қазақстандық әртістердің жұмысына жоғары баға беріп отыр. Ал либреттоны қазақ тіліне аударған белгілі ақын — Серікзат Дүйсенғазы. 11 миллионнан астам адам көрген, әлемнің тоғыз тіліне аударылған мюзиклді қазақ тілінде көрсеткені — үлкен жетістік.