Воскресенье, 24 ноября, 2024
No menu items!

Тоқтар Болысов: «Мақсатым — жастар саясатының дамуына үлес қосу»

Басқа ақпараттар

Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов:

Мақсатым — жастар саясатының дамуына үлес қосу

— Қазақстан жастар конгресіне биыл он сегіз жылдың көлемі болады екен… Тарихына үңілейікші, осы жылдар арасында қанша іс-шаралар атқарылды және конгрестің алға қандай жоспарлары бар?

— 2002 жылдан бастап Қазақстан жастары конгресінде көптеген іс-шаралар атқарылды. Атап өтер болсақ, 2005 жылы конгрестің ұсынысымен «Жасыл ел» деген республикалық ұйым ашылды. Осы уақытқа дейін мүшелікке кіретін аталмыш ұйымның мақсаты да айқын. Қала тазалығына бей-жай қарамайтын 300 мыңға жуық жастар жаз айларында жұмыспен қамтамасыз етілді. Елбасының қатысуымен республикалық деңгейде форумдар өткіздік. Мен бұл қызметке келгенде жұмыс істеу бағытымызды басқа арнаға бұрдық. Конгрестің құрылғандағы мақсаты – барлық жастар ұйымдарын біріктіріп, жетекші болу болатын. Осы мақсатты негізге алып, кей  жетекшілер мен басшылар қызмет атқарды, кейбірі атқармады. Сондықтан, алдымен үлкен жиналыс өткізіп жұмысымды бастадым. Бүгінде республика деңгейінде қанша ұйым бар екенін сараладық. Қорытындылай келе, наурыз айында конгреске жүзге жуық ұйымдардың мүшелік ететінін анықтадық. Атап өтер болсақ, «Жасыл ел», «Жас Ұлан», «Ұлттық делфи комитеті», «Қазақстан студенттер альянсы», «Жайдарман» және одан да басқа ұйымдар біздің мүшелікке кіреді. Сондай-ақ, «Жас қалам» деген республикалық көлемдегі жобаны төрт аймақта өткіздік. Биыл қаржы жағы реттелсе, оннан аса аймақта өткіземіз деген ойдамыз. Мақсат – елімізге танымал журналист және тележүргізушілердің шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, ынталы жастарды қатыстыру. Бұл жобадан да нәтиже жақсы. Сонымен қатар, елімізде бірін-бірі танымайтын да ұйым мүшелері баршылық. Себебі, республикада жастар ұйымдары көп. Соларды біріктіріп, бір бағытта жұмыс жасау жоспарда бар.

— Жастар ұйымдарының ішінде жұмыс атқармағандары да бар деп қалдыңыз. Сол қандай ұйымдар?

— Жұмыс жасамады емес, белгілі бір деңгейде атқарды. Бірақ, олардың кейбірі қазіргі таңда жабылып қалды.

— Ол ұйымдардың жабылуына не себеп? Жұмыс істей алмау ма әлде қаражат жағы себеп пе?

Әртүрлі жағдай себеп болды. Жастар саясатының тарихына үңілетін болсақ, кезінде 2000-2012 жылдар шамасында жастар ұйымдары жақсы деңгейде қызмет атқарды деуге болады. Сол уақытта сабақпен қатар, белгілі бір тірлікпен айналысу керек болды. Қазіргідей ғаламторға телміріп уақыт өткізетін кезең емес еді. Олар бір іспен шүғылдануды мақсат етіп, кем дегенде он адамнан бірігіп, ұйымдар ашты. Өз күштерін дұрыс бағытқа жұмсауға ниеттенді. Әрине, әр тірлік уақытымен ғой, бүгінде ол басшылар өзгерді. Бірі шет елге кетсе, бірі жеке кәсіппен айналысуда, енді бірі өзге қызметте. Сол ұйымдар басшыларсыз қалды. Ал, жаңа толқынның басым көпшілігінде жасыратыны жоқ, жастар саясатына деген қызығушылықтары шынайы болған жоқ. Дегенмен, жаңа дем алып келе, жоспарлы жұмыс атқарып жатқан ұйымдар да бар.

— Қазақстан жастар конгресіне мүшелікке кіру үшін қандай да бір заңдылықтар бар ма? Конгреске мүше болу тек ұйымдарға тиесілі ме әлде, жеке адамдар да идеяларымен келе алады ма?

—  Иә, әртүрлі идеялармен жиі хабарласатын жастар көп. Олармен байланыста болып, ұсыныстарын талқылап, жобаларын бірігіп жүзеге асыруға күш саламыз. Республикалық және халықаралық деңгейдегі кей іс шаралар сондай ұсыныстар негізінде туындағанын айта кетейін. Дегенмен, жеке тұлға өзі мүшелікке кіре алмаса да, бірігіп ұйым ашқанда конгреске мүше бола алады. Алдымен ұйым атынан арыз жазады. Біз арызды жарты жылда бір рет қабылдаймыз. Талаптарға сай келсе, төрайымның мақұлдауымен мүшелікке кіреді.

— Жастар ұйымдарының жобалары белгілі бір қаржының бөлінуімен жүзеге асады. Жоба мақұлданбай, қаржы аударылмай жатқанда  жұмыс жүргізіледі ме әлде тоқтап тұрады ма?

Жүргізіледі. Қаншама уақыт көптеген жастар ұйымдары ақшасыз да қызмет атқарды. Мен «Жасыл ел» жасағында жұмыс жасаған тұста қаражаттан қиналған кез де болды. Конгрестің өзінде былтыр бюджет үлкен болды деп айта алмаймыз. Әр қызметкерге тиесілі жалақы көлемі 30-40 мыңды құрады. Астанада ондай ақшаға ешкім жұмыс жасамайтыны анық. Өзім кәсіпкермін, кәсіпкер өзге достарым бар және басқа да демеушілердің қолдауымен біраз жұмыс атқардық. Сөйтіп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырдық. Сол арқылы жалақыларды тиімді үлестірдік. Алдағы жоспарлардың тізімінде де бизнес жобалар бар. Конгрестің жанынан «Event» агенттігін ашып, басқа ұйымдастырушылардың көмегімен қызмет атқарсақ пайда түседі ма деген ойдамыз. Ол бір ойымыз ғана. Одан басқа да жоспарларымыз бар.

— Сіздер белгілі демеушілердің қолдауымен жұмыс атқарудасыздар. Әр аймақтағы ұйымдарда бұл мәселе қалай шешімін табады?

Біз осы негізде бір бағытты нақтылап алып, соны басқа аймақтағы әріптестерімізге үлгі етіп, ұсынамыз. Қаражат мемлекеттен бөлінбей жатыр деген сөз емес, бірақ жеткіліксіз тұста өздерін қаржыландыра алатындай деңгейде болған дұрыс. Ол үшін ең алдымен жастар саясатындағы іс-шаралардың деңгейін көтеру керек. Кей аймақтарда 2000-жылдардағы іс-шаралар әлі атқарылып жатыр.

— Мысалы қандай?                                                     

— Флешмобтар мен есепсіз дөңгелек үстелдер. Ол керек емес деген сөз емес.  Жолымен өткізілсе деген ой. Кей ұйымдар құжат есебі үшін өткізуге мәжбүр болады. Саны бар сапасы жоқ жиналыстарға студенттерді мәжбүрлеп отырғызып қояды. Жақында Елбасы қызметін тоқтатуына орай, әр аймақтың жастары флешмоб ұйымдастырған екен. Ол жастардың лебізі мен алғыс айту белгісі. Орнымен әрі уақытылы. Сол жастарды іздестіре келе, тілдессем өз еріктерімен шыққанын айтады. Сонысымен құнды шара. Ал, апта сайын, ай сайын, әр жаңалық сайын, әр мейрам сайын флешмоб өткізіп, сол үшін үкіменттен қаржы сұрау қиынсыз болып табылады. Менен көбі сұрайды, «неге апта сайын шаралар өткізбейсіздер?»- деп. Олай жасағым келмейді. Менің және ұжымымның мақсаты — әр жобаның нәтижелі болғаны.

Менің ойымша, керісінше жастар ұйымдарында қаражат жеткіліксіз болуынан жеңіл шараларды өткізуге әуес болатын секілді. Қалай ойлайсыз?

Жақында Алматыға барып, бір іс-шараға қатысып келдім. Басқа аймақтағы жастар ренжімес, Алматының жастары белсенді әрі сауатты. Неге?! Себебі, олар шет елдің жастарымен тең дәрежеде тәжірибе алмасуды әдетке айналдырған. Сол  себептен ол жақта бәсекелестік мықты. Олар ұсынған жобаларына мемлекет ғана емес, банктер де демеушілік жасауда. Бәсекелес бар жерде қаржыға талас орнап, жобалардың сапалары да мықты болады.  Әр аймақта әртүрлі жағдайлар себеп болады.

— Әр аймақтың қызмет сапасы әртүрлі деп қалдыңыз. Сіз осы қызметке келгелі қайсы аймақтың, қандай ұйымның жұмыс жасау деңгейі жоғары деп ойлайсыз? Әрине, өзіңіз мысал келтіріп өткен Алматыдан басқа…

— Мысалы Айсұлу Ерниязова есімді әріптесім жетекшілік ететін «Еріктілер қозғалысы» және Алматыда «Жастар үні» деген де ұйымдар бар. Атырауда «Жастар жалыны» деген ұйым бар.

 

— Халықаралық ұйымдарға мүше екенсіздер, нақты айтып өтіңізші. Қандай және қанша ұйым?

Шанхай ынтымақтастық ұйымының жастар кеңесі, Түрік жастар кеңесіне және ТМД жастар кеңесіне мүшеміз. Жақында Қытайға барып келдім. Екі ел бірігіп, Нұр-Сұлтан және Пекин қалаларында жастар орталықтарын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Мақсат — екі елдің жастарын таныстырып, бизнес жағынан пікір алмасып, байланыста болу.

Жастарды бүгінде не толғандырады деп ойлайсыз?

Қиын сұрақ… Біріншіден, жастардың ойы елімізде таныштық болса екен деп тілейді. Екінші жұмыс мәселесі өршіп тұр деп айта аламын. Қызметсіз отырмаймын деген адамның екі қолына бір күрек табылады. Қазір ізденіп, кәсіби біліктілігін арттырамын деген адамға барынша жағдай жасалған. Үшіншіден үй мәселесі өршіп тұр. Үкімет үймен, жұмыспен қамтамасыз ету керек деген қате түсінікпен жүрген жастарымыз жетіп артылады.

— Жастар саясатына ерте араласыпсыз. Жеке кәсіптеріңіз де бар екен. Бизнесіңізді дамытып, сол жолдың нәтижелі болуы үшін жастар саясатынан кетпеуіңізге не себеп?

— Мен бір кездері жастар саясатынан кетіп, қайтып келдім. Көпшілік бұл жұмысты жеңіл деп ойлайды. Негізі, олай емес. Басшылықпен түсініспеушілік, пікірлерге келіспеу, қаржылық мәселелер бір сәтте қажытып та жіберген кезең болды. Сол уақытта кетіп қалған болатынмын. Ал, жеке кәсіп барысында әрине өзім бастықпын. Қайда барасың, нешеде оянасың, қаржыны қалай жұмсайсың өзің білесің. Рас, жеке кәсіпте пайда бар. Жаңа жұмыс орындарын ашып, пәтер алып, көлік алып жағдай жасауға қолайлы. Бірақ, ол өзіңе ғана пайда әкеледі. Ал, еліме қандай пайда тигізіп жатырмын деп ойладым. Араға бір жыл үзіліс салып, жастар саясатына қолым дірілдеп қайтып келдім. Мен 18-жасымда «Көшбасшылар мектебі» деген жобаны құрдым. Сол мектепте мыңдаған жастар тәлім алғанын мақтанышпен айта аламын. Еліміздің дамуына сәл де болса пайдам тиді деген оймен керемет сезімде боламын. Жұмысы қиын болса да, қаражаты аз болса да жастар саясаты менің сүйікті жұмыстарымның бірі. Әр күнімнің 95-пайызын осы салаға арнаймын.

— Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Айдана Әлиарыстан

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img