Жастар жылы аясында өткізілген іс-шаралар, қолға алынған жаңа жобалар аз емес. Олардың бірқатары тек осы жылмен шектелмей, қанатын кеңге сермеуі керек екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Мәселен, еліміздегі әр өңірдегі жастардың талап-тілектері, тұрмыс-тіршіліктері ескеріле отырып, жол картасы да әзірленді. Соның аясында республикамыздың әр өңірінде Жастар ресурстық орталықтары қызмет етіп жатыр. Белсенді жұмыс істеп, жемісті нәтижелерімен көзге көрінген аймақтардың бірі – үшінші мегаполис, Шымкент қаласы.
Аймақта қазіргі таңда 264 281 жас бар. Оның ішінде 117 593-і ер адам (48,7%) болса, қалған 123 840-і әйел (51,3%). Қала бойынша жастардың жалпы қала халқына шаққандағы үлесі 26 пайыз болып отыр. Жастар жылы аясында жастардың білім алуы, тұрақты жұмыспен қамтылуы, кәсіпке баулу, отбасы мәселелері бағыттарында нақты іс-шаралар атқарылып келеді. Мысалы, Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың 6 айлық көрсеткішіне сәйкес, жұмыспен қамтылған жастар саны – 5503, «Жастар практикасы» – 1758, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар саны – 151, ақылы-қоғамдық жұмыстарға жолданғандар саны – 1021. Жастардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында орталықта мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, бүгінгі таңда жұмыссыз жастарға қолдау көрсету және өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін «Жас кәсіпкер», «Бастау бизнес», қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жобаларын айтуға болады. Сонымен қатар ЖОО-ны жаңа бітірген, еңбек өтілі жоқ жастар үшін қолға алынып жатқан «Жастар тәжірибесі» және қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік жұмыс жобалары да маңызға ие.
Бір жыл ішінде орталықтың мұрындық болуымен іске асқан шараларға тоқтала кетейік. Мың адамның басын қосып өткізілген «Сергектен» су фестивалі жазда талай жасқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған еді. Сондай-ақ, икемді, белсенді, топ болып жұмыс істеуге құштар еткен іс-шара болды. Соңғы уақытта сәнге айналған форматтың бірі – TED-x. Мұндай жобаны да шымкенттік жастар демде қолға алды. Нәтижесінде, «Sóıle: сен тұр – мен айтайын» конференциясы ұйымдастырылды. Бір-бірімен еркін ой алмасып, пікірлесуге мүмкіндік берген отырыста белгілі блогер, «Ажыраспа» блогының авторы Айна Досқызы спикер болған еді. 35 шақырымды артқа тастап, 150 азаматты біріктірген S-bike веломарафоны, мыңға жуық адамды таң-тамаша еткен «Жастық шақтың аспаны» батпырауықтар фестивалі, «BlogCamp: Жазғымектеп» Граффити конкурсы, стрит уорк-аут көше спортының сайысын да атап өткен жөн. Тағы бір айта кетуге тұрарлық іс-шара –«Зың қала» граффити көркемсурет фестивалі. Осындай қызық әрі шығармашылық шыңдауға шақыратын жобалар жастардың жүрегінен орын алып үлгерді. Орталықтың қоғаммен байланыс бөлімі берген ақпаратқа сәйкес, соңғы мәслихат сессиясында Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін «Республикалық жастар форумын» ұйымдастыруға қосымша елу миллион теңге бөлінген. Ал жалпы алғанда, жыл басынан бері өткізілген 300-ге іс-шара еш қаржысыз ұйымдастырылған. Алдағы жоспар бойынша, әлі де 250 қызық жоба қолға алынады деседі.
Қазіргі таңда «Жастар ресурстық орталығы» ішінде қала жастарының уақыттарын тиімді өткізуге арналған 9 үйірме тегін қызмет атқарып жатыр. 14-29 жас аралығындағы қала жастары апталық кестеге сәйкес, Stаnd up клубы, Пікірсайысшылар, Кітап клубтары және SULU Models модельдік агентігі, сонымен қатар орыс тілі үйірмесі, шахмат, тоғызқұмалақ, ақындық өнер, актерлік шеберлік (кино) және Q-pop би үйірмелері мен қатар «Бала асырап алушылар» мектебінің тренинг сабақтары, Волонтёр ұйымдарына қатыса алады. «Еліміздің барлық аймақтарында Жастар ресурстық орталықтары қызмет етіп жатыр. Жастар орталығы – жастарға берілген мүмкіндік. Айта кетсек, өзін дамытам, үйренем, жетістікке жетем деген жастарға қол үшін беру және бағыт бағдар көрсету. Сонымен қатар, бағдарламар туралы айтар болсақ, білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы жүзеге асырылып келеді. 2014 жылы іске қосылған «Серпін» бағдарламасының мақсаты – еліміздің оңтүстігіндегі жастарды кадр тапшылығын көріп отырған солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл, бір жағынан, жастар арасындағы жұмыссыздықтың азаюына да септігін тигізеді» дейді Жастар ресурстық орталығының инспекторы Ермахан Дүненбаев.
«Әр қалада немесе аудандарда мұндай орталықтардың болғаны өте тиімді деп ойлаймын. Өйткені ондай орталықтар ортақ қызығушылықтары бар жастардың шоғырланып, жаңа идеялардың туындап, түрлі қоғамға, жастарға пайдалы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін үлкен алаң деп атауға болады. Орталықта жастарға өздеріне қажет барлық қызмет түрін оңай әрі ақысыз алу қарастырылған. Қазіргі таңда жастарға заманауи орталықтар қажет секілді. Атап айтқанда, шектеусіз интернет желісіне қосылған IT-кабинеттер, түрлі үйірмелерге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер, олардың қажеттіліктерін біліп отыратын арнайы сайт жұмыс атқарса, жұмыстың тиімділігі қазіргіден бірнеше есеге артады деп ойлаймын» дейді орталықтың Аутрич, NEET жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Дәулет Әзімханов.
«Жастарды қолдау және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімі» басшысының міндетін атқарушы Динара Оралова қала жастарының уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін мұндай орталықтар ауадай қажет деген пікірде. «Жастар орталығында түрлі тегін ұйымдар мен түрлі іс-шаралар болады. Осылар арқылы жастар өздерінің таланттарын арттыруға және жаңа жобалар бастауға мүмкіндік алады. Әрбір қала, аудандағы «Жастар ресурстық орталығы» жастардың жаңа жобаларын дамытуға және жастарға мүмкіндік беруге бағытталып жұмыс істесе, еліміздің дамуына үлес қосатын патриот, инновациялық ойы жоғары, саналы жастар көп болады» дейді ол.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 6278 жастар мен жас отбасылар тұрғын үй кезегінде тұр. Бүгінде Елбасының 29 жасқа дейінгі тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтарға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 1000 пәтер пайдалануға беруді тапсырмасына сәйкес, жыл соңына дейін Шымкент қаласы бойынша 900 пәтермен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр Осы мақсатта республикалық бюджет есебінен тұрғын үй салуға 2,2 млрд. тенге, сатып алуға 4,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осыған байланысты қалада жалпы алаңы 22,5 мың шаршы метрді құрайтын 304 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда тұр.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан тұрғын үйлерді үлестіру қағидасы әзірленуде. Бекітілген қағидаға сәйкес, тұрғын үйлерді бөлу жұмыстары жүргізілетін болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2019 жылы қаладағы 900 жұмысшы жастарды сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта республикадан тиісті трасферттер бөлініп, 300 құрылысын жүргізуге, 600 пәтер сатып алуға бөлінді.
Жалға берілетін тұрғын үй алуға қатысушыларға қойылатын талаптар мен механизмін анықтайтын қағида министрлікпен бекітілді. Тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін, хабарландыру жарияланып, үлестірілетін болады.
Жастарға арналған орталытың қажеттіліктері де жоқ емес. Атап айтқанда, қаржы тапшылығы мен техникалық мүмкіндіктердің жетіспеуінен ұжым мүмкіндігін толықтай көрсете алмай отыр. Өткізілген шаралардың барлығына дерлік мемлекеттік бюджет есебінен қаражат қаралмай-ақ, ауқымды іс-шаралар жоғары деңгейде өткізіліп келеді. Заң талаптарына көз жүгіртер болсақ, жастар ресурстық орталығы келіссөздерге, консультацияларға, тынығуға, кітап оқуға/маңызды емтихандарға дайындалуға, тренингтерге, тіл үйірмелеріне және т.б. арналған жеке бұрыштары немесе оқшауланған бөлмелері бар ашық кеңістік түрінде болуы тиіс. Ал, үшінші мегаполис қала атанған Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы басқа мегаполистермен салыстырғанда талапқа онша сай келмей отыр. Себебі, орталықта заманауи техникалар, үйірмелер өткізуге қажет кабинеттер, құрал-жабдықтар және IT-park, коворкинг орталық, спорт алаңдары, антикафелер мүлде қарастырылмаған. Мәселен, ЖРО-ның қазіргі ғимаратының іргетасы өткен ғасырда қаланған. Яғни мәдени нысан ретінде жоспарланған ғимарат реконструкциялауға, жастардың түрлі бастамаларына қолдау білдіруге қолайсыз. Шығармашылықпен айналысатын жастардың бастамаларына қолдау білдіру үшін музыкалық аппараттар, ал психологиялық көмек алуға келушілерге арнайы жабдықталған кабинеттер сондай-ақ әлеуметтік роликтер түсіруге қажет (камера, дыбыс және бейне жабдықтар, проектор мен жарық күшейткіштер) сынды техникалар жоқтың қасы. Осы олқылықтардың алдағы уақытта орны толар болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Айша ЕРСҰЛТАН