Жастар арасында отбасы құндылығын арттыру

980

Алла тағала әйелді ақылды, айлакер етіп жаратқан. Айлакер болғанда өтірік айту емес, алдап-сулап, мақтап адамды дегеніңе көндіре білу. Еркекті алда, сырлас, жыла –  оны ақылға шақыра алатын тек әйел ғана. Сол үшін қыз баланың бойында ақылдылық, парасаттылық, көрегендік, білімділік, айлакерлік барлығы біте қайнасып жүру керек. Бірақ шынайы жасалу керек. Оның барлығы – отбасыңды сақтау үшін. Еркек деген ақкөңіл, мақтап қойсаң мәз болып жүре беретін жаратылыс қой.

Ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік туындаса «шаңырағымды сақтап қаламын» деген адам артқа шегіну керек. Артқа шегініп үйрену керек. Ол соғыс тактикасында да бар. Жеңіске жету үшін кейде артқа бір қадам жүр. Жүріп келе жатқан жолың бітіп қалса, бір орында тапжылмай тұрасың ба? Жоқ, артқа шегін. Ол жақта сен байқамаған қиылыс бар шығар. Ол жақта үлкен кеңістік бар ғой. Әйел адам «сенікі дұрыс» десе еркегі басылады.

Қазақты еліктеушілік құртып отыр. Біреуі түрікке, бірі орысқа, одан арабқа, индияға еліктеп қазақылықтан алшақтап бара жатыр. Дініміз бен тіліміздің бөлшек-бөлшегін шығарды. Қазақ қазақылықтан жеріп отыр. Салт-дәстүрімізді ұмытып жатырмыз. «Қазақ» деген ұлттың тағдырында мұндай тоқырау болмаған. Баланы орыс мектепке бердің ба, орысша тәрбиеленді ма ол қазаққа жаны ашитын азамат бола алмайды.

Қазір қоғам қандай? Қаптаған жемқорлық, өсек пен өтіріктен көз ашпайсың, бірін-бірі құрметтемейді. Адамдар ештеңенің қадірін түсініп жүрген жоқ. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіредінің нақ өзі болды.  Тойынғандықтан нанды да құрметтемейді. Қадірін түсінбейді. Жалындап тұрған жас ештеңенің қадіріне жете алмай жүрген де, оған «отбасы» деген не болыпты. Отбасының не екенін түсініп тұрған жоқ.

Бала – біздің жеткен жетістігіміз. Оны дұрыс тәрбиелемесек, оқыған білімің, тапқан байлығын түк те емес. Сол үшін тәрбиені, отбасы деген ұғымды түсіндіру үшін ата-ана балаға үлгі болу керек.

Адам айналадан не көргісі келсе соны іздейді. Сол үшін адам айналадан жақсылық іздеу керек. Бойжете немесе ержете келе «неге осылай жасадым» деп ойланасың. Қай жерде қателестім? Менің осы қателігімді балаларым жібермесінші, мен сүрінген жерден олар сүрінбесінші дейсің.

Ал, қателіктің көбісі шынайылық жоқ болғанда кетеді. Шындық әрқашан ащы болады. Шынайы болсаң құрбандыққа барасың. Еріңді бала-шағаң үшін кешіресің. Келін, ағайын-туыс, құда-жегжат барлығын кешіресіз.

«Иә, сіздікі дұрыс. Бірақ, осы жолы мынаны былай жасасақ қалай болады?» деп бір саты төмен тұрып сөйлесең ұтасың. Ол қадамға бару үшін ашу, өкпе-назды ішіңе жұтасың. Ал, ол саған қылыш сермесе, сен оны мылтықпен атып тастасаң – соғыс басталады. Отбасының тыныштығы бұзылады. Құндылығы жойылады.