24 қаңтардан бастап Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен жеке тұлғаларға өтемақы төленеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында айтты.
Алматыда болған тәртіпсіздіктер кезінде мемлекеттік органдардың, ауруханалар мен БАҚ-тың 603 қызметкері зардап шеккен.
- Оның ішінде, құқық қорғау органдарының 592 қызметкері,
- Төтенше жағдайлар департаментінің 1 қызметкері, жергілікті атқарушы органдардың 3 қызметкері,
- «Алматы» телеарнасының 1 қызметкері және медициналық ұйымдардың 6 қызметкері бар.
Олардың барлығына өтемақы төленеді.
Өсеровтің айтуынша, зардап шеккендерге төлемдер келесі дәрежелерге қарай беріледі. Ауыр дәрежеде зардап шеккендер — 2 миллион теңге, орташа дәрежеде — 1 миллион теңге, жеңіл түрде — 500 мың теңге төленеді.
Сонымен қатар, қалада төтенше жағдай кезінде жұмылдырылған Полиция департаментінің 3878 қызметкеріне, Төтенше жағдайлар департаментінің 1207 қызметкеріне, Қоғамдық денсаулық басқармасының 3888 қызметкеріне, құтқару қызметінің 93 қызметкеріне 100 мың теңге қаржылай көмек төленеді.
«Бүгін тиісті құжаттар қазынашылыққа жіберіліп, түстен кейін алғашқы төлемдер жасалады», — деді Ілияс Өсеров.
Сондай-ақ, тиісті тергеу әрекеттері аяқталған соң зардап шеккен автокөліктерге төлемдерді қамтамасыз ету үшін Полиция департаментіне шамамен 200 миллион теңге мөлшерінде бастапқы сома жіберілетін болады. Қажет болған жағдайда бұл сома көбейтіледі.