Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен болғандықтан халық басқа жол іздеп, Түркияға көшіп жатыр. Түркияға барып, мәселені өз көзімен көріп жүрген Гала Бақтыбай Есен Елеукенге берген сұхбатында осындай пікірмен бөлісті.
«Түркияға көшудің артында өте үлкен қиындықтар жатыр. Негізінде Қазақстанға ештеңе жетпейді. Бірақ қазір елде материалдық жағдай, күнкөріс деңгейі төмен екені анық. Жоғары жақтағылардың уәдесі басқа, ісі басқа. Сондықтан адамдар басқа жолдар табуға тырысады. Соның бірі мен. Мен Қазақстанда өмір сүргім келді, қоғамды жақсартуға үлес қосқым келді. Көп ұсыныстарымды айттым. Нәтиже болмағандықтан, шетелге кеттім», дейді қоғам белсендісі.
Сондай ақ, ол Түркияға көшудің кемшіліктерін де атап өтті.
«Стамбул өте ескі қала. Маған ұнаған жоқ. Көп жерлер пәтер деуге келмейді. Мүмкін жалға беретіндері сондай ма, өте ескі, неше түрлі жағымсыз иіс бар. Барлығы деуге болады, себебі мен көріп шықтым. Және онда 100 мыңға пәтер алсаң, бірден 300 мың төлейді: комиссия, депозит қосып төлеу керек», дейді.
Сондай-ақ онда әйел адам үшін түрлі қиындықтар туындайтынын, қауіпсіздік жағынан деңгей төмен екенін айтты.