«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен 2018 жылдан бері жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуы жайында зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеу басталған жылы түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған. Бұл туралы Айқын газетінің сайтындағы «NEET-жастардың қатары көп» мақаласында жазылған.
«68 жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасуы 50%-дан төмен. 92 мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 67,4%. Түлектердің жұмысқа орналаса алмауының басты себебі жұмыс берушілердің жас мамандарды даярлау сапасына қанағаттанбауынан», – деп көрсетеді сарапшылар.
2020 жылы да осы жағдай қайталанды, зерттеушілердің пайымынша, жұмыс берушілердің түлектердің білім, білігіне көңілі толмайды. Өзі тәжірибесіз, оның үстіне, білімі таяз болса, ондай жасты жұмысқа кім алады? Мұндайда «Жастар тәжірибесі» немесе «Алғашқы жұмыс орны» ең тиімдісі сияқты. Мамандық бойынша жұмыс істеп, аз-кем тәжірибе жинақтайды. Еңбегінің ақысын да алады. Алайда, тәжірибе уақыты аяқталған соң тұрақты жұмысқа қалуы екіталай. Олай дейтініміз, аталған бағдарламалар жарты жылға ғана есептелген. Одан кейін жұмыс берушіде бос жұмыс орны болса жақсы, болмаса, қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылады.
Бағдарламалар жастар үшін тартымды бола түсер. Дегенмен таңертеңнен кешке дейін бір ай отырып, 90 мың теңге тапқанша жеңіл жолмен көбірек тапқысы келетін жас та көбейді.
«Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов:
– Облыс жастарының 9,9%-ы NEET санатына жатады. Бұл қайта 2,1%-ға азайғаны. Ресми дерек бойынша аймақтағы 261 мың жастың 4,3%-ы жұмыссыз. Жұмыс бар негізі, бірақ көпшілігі ұсынған жұмысты істегісі келмейді. Кейбіреуі үйде отырып табыс табамын дейді, таксист болады, – дейді», делінген мақалада.