Өткен аптада отандық автоөндіруші зауыттарға арнайы ұйымдастырылған пресс-турына барған бір топ журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері сынның астында қалды. Тіпті оларға «сатқын, лоббистер» деген ауыр айыптаулар айтылуда. Бұған қандай негіз бар?
Оның себебін кейбір белсенділер бір ауыздан «утильалымның қолдаушылары — отандық автоөндірушілердің лоббиіне қарсылық» деп түсіндіреді. Олардың айтуынша, отандық автоөндірушілер қызу жұмыс істеліп жатқандығын көрсете отырып, утильалымды төмендетуге қарсылығын білдіргісі келеді. Ал кейбір желі қолданушылары автоөндірушілердің ісі көзбояушылық деп отыр.
«Қазақстанда сатылған әрбір көліктен кемі 1.5 млн теңгеден жинап алып, миллиардтаған ақша жұмсап, Қостанайдан жеңіл көлік, ауыр техника шығаратын завод ашыпты-мыс. Оған жүргізушілер наразы, өйткені елімізде машина күрт қымбаттап кетті. Ал әлгі заводтың машина шығаратынына сенбеді. Сөйтіп заводтың басшылығы тағы да миллиондаған ақша жұмсап, типа эксперт блогерлерге ақша төлеп, машина шығарып жатқанын көрсеткісі келді.
Бірақ ең күлкілісі, әлгі барған жалдамалы эксперттері өмірінде көлік жүргізіп көрмеген адамдар болып шықты. Ал әлгі посттарындағы видео, суреттерді көріп, шын эксперттердің Қостанайда ешқандай да көлік шықпайтынына толық көздері жетті» — дейді әлеуметтік желі қолданушысы Рымбек Ізғали өз жазбасында.
Ал зауыттарға барып келген блогерлер жұмыстың қызу жүріп жатқанын, автокөліктердің біраз бөлігі отандық өндірістің өнімі екенін баса айтады.
«Агромаш тракторлары 73% дайын болып келеді, 27% жергілікті локализация. Тырма, сеялка 100% жергілікті локализация. 5 жыл бұрын 7% болған, 2025 ке дейін 50% болады. Зауытта 1 мыңдай жұмысшы бар.
Сарыарқа автопром көліктері 26 дан 38 % ға дейін жергілікті локализация, модель түріне байланысты. 2025 те барлығы 50% болады. Зауытта 2 мыңдай жұмысшы бар» — дейді блогер Алмас Тоқабаев.
Алайда бұндай талас утильалым мәселесіне нүкте қойылып, нақты мәселе шешілгенше созылатын секілді. Ал халық Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған жұмыс топтарының отырысының қорытындысын күтуге мәжбүр.
Осы орайда JAS.KZ отандық өндірушілердің құрастырған кейбір көліктердің бағасын шетелдік баламаларының бағасымен салыстырып көрді. Айта кетейік, көліктердің бағасы сол елдердегі нарықтық бағасымен салыстырылған.
Қазақстандық өндірушілер шығаратын кореялық көліктер «Хендай Акцент» пен «Киа Рио» моделінің қазақстандық, ресейлік және оңтүстіккореялық нарықтағы бағасын салыстырып, интернет ақтарып көрдік. (Айтпақшы бұл модельдер үш елдің де автоөндірушілері шығарады).
Ccarprice.com ақпараты бойынша, Оңтүстік Кореяда 2022 жылғы Hyundai Accent бағасы 16 640$-дан (7,12 млн теңге) басталады. Ал roadres.com Ресей нарығында «Solaris» брендімен танымал көлік 15,1 мың АҚШ долларынан (6,49 млн теңге) басталатынын айтады.
Сондай-ақ Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» жеңіл көлік зауытынан шығатын автомобилдің базалық моделінің отандық нарықтағы құны 15,6 мың АҚШ долларынан (6,69 млн теңге) басталатынын newauto.kz сайтынан көруге болады.
Бұл жерде оңтүстік кореялық модель басқаларынан қымбатырақ көрінгенмен, Ccarprice.com сайтынан оның двигатель көлемі 1,6 және автомат қорап екенін көреміз. Ал кейінгі екі елдің көрсетілген бағадағы көліктерінің двигатель көлемі 1,4 және механикалық қорап болып отыр.
Сонымен қатар, көпшілік «қазақстандық көліктерді қолма-қол сатып алғың келсе де, автокөліктің салонға келуін күтуге тура келетінін» жиі айтып шағымданатын. Осы себепті JAS.KZ редакторы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Hyundai» ресми дилер орталығына хабарласып, көлік бағасын нақтылғанмен, орталық өкілі дәл қазір көліктің салонда жоқ екенін айтып, бірақ оның қай уақытта келетінін айта алмады.
Оңтүстік Корея, Ресей және Қазақстандағы «Kia Rio» бағасы қандай?
www.kbb.com сайтының мәліметінше, оңтүстіккореялық нарықта «Kia Rio» көлігінің LX базалық моделінің бағасы 16 150$ (6,92 млн теңге) деп белгіленген. Ал kia.ru сайтында аталған көліктің Active MT6 моделінің ресейлік нарықтағы құны 12,1 мың АҚШ долларынан (5,18 млн теңге) басталады.
Ал Қазақстанда «Kia Rio» көлігін құрастыратын «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-нің ресми диллері — «Allurauto» автомобильдің ең арзан моделін 7 390 000 теңгеден (17,23 мың АҚШ доллары) ұсынып отыр. Алайда басқа да ақпарат көздерінде Қазақстандағы Kia Rioның ең арзаны 7 190 000 теңгеден (16,77 мың АҚШ доллары) басталатынын айтылады.
Әрине, бұл ақпараттарда нарықтағы баға айтылған. Десек те, көрсетілген цифрлардан қазақстандық автокөлік нарығының жағдайын көрсеткендей. Бұның себебі не? Ол енді — бөлек тақырып.