Өңірлерде «Жаңа мамандықтар мен біліктіліктер атласы» жасалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов осындай тапсырма берді.

«Бүгінде экономикадағы жұмыс орындарының айтарлықтай көп бөлігі жоғары біліктілікті қажет етпейді. Бұл ондағы жұмысшылардың айлығы мен өнімділігінің төмен болуына ықпал етіп отыр. Осыған байланысты жұмыс күштерінің біліктілігін арттыру қажеттілігі туындайды. Осы бағытта өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құрудың маңызы зор», — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұл істе ол өзге өңірлерге Павлодар облысының тәжірибесін басшылыққа алу керектігін айтты.

«Жаңа мамандықтар мен біліктіліктер атласы» жобасын басшылыққа алуды ұсынамын. Бұл азаматтарға келешегі бар мамандықтарға бейімделуге мүмкіндік береді. Павлодар облысында осы жобаның қаншалықты тиімді болғанына талдау жасап көрдім. Арнайы сол жаққа барып келдім. Барлық облыс әкімдерінің орынбасарларына осы жобаны негізге алу керектігі туралы тапсырма бергенмін. Енді соны жүзеге асырудың жолдарын қарастыру керек. Бірақ оған жаныңды, жүрегіңді салып, қандай пайдалы екенін түсіне отырып кірісу керек», — деді вице-премьер.

Дереккөз: ҚазАқпарат