Ақпан айынан басталған «Онлайн қазақ тілі» курсына әлемнің 23 елінен 800 адам тіркелді. Өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі — Димаш Құдайбергеннің «Dears» жанкүйерлері. Бұл туралы «Отандастар қорының» инстаграм парақшасы хабарлады.

Жазбаға сүйенсек, курстағы этникалық қазақтар тарихи тілдерін ұмытпау және Қазақстанда білім алып, атамекенде жұмыс істеу үшін қазақ тілін жетік меңгеріп жатыр.

Ал өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі — Димаш Құдайбергеннің «Dears» жанкүйерлері екен.

«Өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі — Димаш Құдайбергеннің «Dears» жанкүйерлері. Олардың айтуынша, әншінің әндерін, сұхбаттарын ана тілінде еркін түсініп, сонымен қатар, қазақтың тарихымен, мәдениетімен тереңірек танысу үшін қазақ тілі сабақтарына зор ықыласпен қатысады», делінген жазбада.

Сабақтар орыс, ағылшын, түрік, парсы тілдерінде жүргізіліп, тыңдаушыларға ыңғайлы уақытқа қойылғандықтан қатысушылар саны артып келеді.

Сабақ қазақ тілінің әмбебап оқулығы және “Abai institute” платформасы негізінде жүргізіледі.