Экономист Арман Байғанов қаражатты қалай жинауға болатынын және оны неден бастау керегін айтып берді.
Қаржы сарапшысының айтуынша, қаражатты үнемдеу өзекті мәселеге айналды, себебі кіріс пен шығыстың үлесі бір-біріне тым жақын.
«Кейінгі жылдары қазақстандықтар тұтынушылық шығынға белшесінен батты. Мұны екінші деңгейлі банктер мен жеке тұлғалар арасындағы толассыз дау-дамайдан байқауға болады. Оның себебі де белгілі. Көп адам өз қаражаттарын дұрыс басқара алмай келеді. Күнделікті тіршілікке қажет шығындардан бөлек, қалта көтермейтін импульсивті сауда да өз әсерін тигізіп жүр: қымбат киімдер, техника мен гаджеттер және тағы басқа. Яғни адамдар өз қаражатына сай өмір сүрудің маңызын түсінбей келеді», — деді ол.
Байғанов ақша жинаудың басты қағидасына тоқталып, жеке тұлғаның қаржылық резерві туралы сөз қозғады.
«Қаржы тапшылығынан туатын проблемалар мен ақша үнемдеу және оны жинау осындай қарапайым себепке байланысты қиындай түседі. Бұл жағдайды шешу үшін, ең алдымен, халық өзінің қаржылық сауатын арттыруы қажет. Ең маңыздысы — сіздің шығын көлеміңіз тапқан табысыңыздан асып кетпеуі керек. Бұл — ақша үнемдеудің ең басты қағидасы. Одан кейін әрдайым айлық табыстың 20-30 пайызына тиіспей жинаған абзал, яғни шығын осыншама пайызға азаюы керек. Мұның нәтижесінде белгілі бір резерв пайда болады. Бұл ақша жинаудың бірінші жолы болсын», — деді ол.
Оның сөзінше, депозиттің мүмкіндігін толық пайдаланған дұрыс.
«Екіншіден, депозит және оның мүмкіндігін дұрыс пайдалану маңызды. Екінші деңгейлі банктердің ішінен пайыздық өсімі ең жоғарысын таңдау керек. Осы тұста айта кететін пайдалы лайфхак бар. Белгілі бір мерзімге дейін ақша шешіп алу мүмкіндігі жоқ депозит түріне басымдық беріңіз. Бұл мәселені банк қызметкерлерімен ақылдасып, өзіңізге тиімді тарифті таңдап алуыңызға болады. Мысалы 3 жылға депозит ашып, ай сайын 20 мыңнан құйсаңыз, миллион теңгеге жуық қаражатыңыз дайын тұрады» -, дейді экономист.
Сонымен қатар, Арман Байғанов дебеттік және несиелік карталардың пайдасы туралы айтты.
«Бүгінде қолма-қол ақшаның ықпалы азайды. Мұны мойындамасқа амал қалмады. Дебеттік және несиелік карталардың пайдасын ақша жинаудың үшінші тәсілі деп алайық. Неге десеңіз, мұндай карталар қаржылық ортадағы бәсекелестікті сақтау үшін көптеген кешбэктер мен бонустар сыйлайды. Ал көп жағдайда сол бонустардың ақшаға пара-пар екенін ескерсек, мұндай мүмкіндіктен айырылуға болмайды. 50 мың теңгеге азық-түлік алсаңыз, одан 5 мың теңгеге дейін кешбэк алуға болады. Одан бөлек, банктердің де белгілі бір операциялар үшін бонус сыйлайтынын білеміз. Сондықтан осыны жақсылап зерттеп алған жөн»,- дейді ол.
Сонымен қатар, экономист қаржылық тайм-менеджменттің не екенін түсіндірді.
«Төртіншіден, жоғарыда айтып кеткенімдей, адам өз қаражатын ұтымды үйлестіре білуі керек. Ол үшін, ең алдымен, қаржыны дұрыс жоспарлау жолдарын үйренген абзал. Әрине, қаржыгер болып екінің бірі тумайды, бірақ қаптаған консалтинг компаниялар сізге көмектесе алады. Қаржы менеджеріне барып, оған өзіңіздің айлық табысыңыз бен соңғы алты айдағы шығыныңызды есептетіп көрсеңіз, көзіңіз ашылады, артық шығынның қайдан пайда болғанын түсінесіз. Сондай-ақ, қаржы менеджері сізге келесі айда қанша ақша жұмсайтыныңызды және шығынды қай жерде азайтуға мүмкіндік барын бірден жазып береді. Ары қарай өзіңіз ұғып аласыз. Қаржылық тайм-менеджмент деген осы. Мүлде болмаса, кірістер мен шығыстарды есепке алатын мобильді қосымшаларды жүктеп алыңыз. Оның көмегімен ақшаның қайда және қандай көлемде жұмсалғанын бақылай аласыз», — деді Байғанов.
Дереккөз: TengriNews