Әлемдегі геосаяси ахуалдың нашарлауынан туындаған жоғары белгісіздік жағдайында Қазақстанның қаржы нарықтарындағы құбылмалылық арта түсті. Сыртқы шоктардың теріс салдарын барынша азайту мақсатында Ұлттық Банк келесі шараларды іске асыруда. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндады.
Бірінші. Валюта нарығын тұрақтандыру.
Геосаяси жағдайдың нашарлауына байланысты қаржы және тауар нарықтарында бұрын-соңды болмаған шоктардың әсерімен дамушы елдердің валюталарымен бірге теңгенің айырбастау бағамы ағымдағы жылғы ақпанда жоғары құбылмалы болды.
«Бағамның негізсіз күрт ауытқулары кезінде қаржылық тұрақтылық бойынша тәуекелдерді шектеу мақсатында Ұлттық Банк жекелеген күндері валюталық интервенция жүргізді, оның көлемі ақпанда $273,7 млн болды. Бұл операциялар туралы ақпарат жедел жария етілді», — деді Ғ. Пірматов.
Ұлттық қор қаражатын бюджетке трансферттер бөлу үшін конвертациялау операциялары, квазимемлекеттік сектор валютасын сату, экспорттаушылардың бюджетке салықтық төлемдері ұлттық валютаға қолдау көрсетті. Факторлар балансының негативті жаққа ауысуы, нарықтардағы тәуекел-сентимент теңгенің долларға шаққандағы бағамының ақпанда 495 теңгеге дейін 14,2%-ға әлсіреуіне себеп болды. Наурызда қосымша санкцияларға, соның ішінде Ресейден мұнай өнімдерін импорттауға АҚШ-тың тыйым салуына байланысты Ресей рублінің әлсіреуі теңгеге қысымды күшейтті. Наурыздың басынан бастап $542 млн интервенция жүргізілді. Биылғы жылғы 14 наурызда теңге бағамы бір доллар үшін 511,74 теңгені құрады.
Қолма-қол шетел валюталары нарығында барынша нарықтық бағам белгілеуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк айырбастау пункттері арқылы теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін кеңейту бойынша түзетулер әзірледі. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдерінің алдын алу және алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету мақсатында ҚР Президентінің Жарлығымен елден $10 000 жоғары қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын, салмағы 100 грамнан асатын тазартылған алтынды, алтын құймаларды әкетуге шектеу енгізілді. Бұл қолма-қол шетел валютасының шамадан тыс әкетілуін бақылауды және Ұлттық Банк резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық Банк Қазақстанға қолма-қол шетел валютасын жеткізу жөніндегі шаралардың бүкіл тізбесін қабылдауда. Бұл ретте екінші деңгейдегі банктер шоттардағы, депозиттердегі және бағалы қағаздардағы қалдықтар түріндегі өтімді валюталық активтердің жеткілікті көлеміне ие. Ұлттық Банк шоктарды ретке келтіріп, дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және резервтерді орынды пайдалануға мүмкіндік беретін икемді бағам белгілеу саясатын ұстануды жалғастырады.
Екінші. Инфляциялық тәуекелдерді төмендету.
Геосаяси тәуекелдердің іске асырылуы, жаһандық тауар жеткізу жолдары проблемаларының шиеленісуі, азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуіне байланысты әлемдегі сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, бағамның әлсіреуі инфляцияның барынша жоғары динамикасының басты себебіне айналады. Ұлттық Банк ел экономикасына сыртқы шок салдарының таралуын алдын алу, теңгеге қысымды төмендету және теңгедегі активтерді қорғау шараларын қабылдауда. Осы мақсаттар үшін биылғы жылғы 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтерді.
Геосаяси ахуал нашарлап, сыртқы тәуекелдердің жүзеге асуы жағдайында инфляция болжамы жоғарылау жағына қарай қайта қаралуда. Инфляцияның 2022-2023 жылдардағы нысаналы дәлізден жоғары болып қалыптасу тәуекелі артты. Осы жылғы ақпан айында жылдық инфляция барлық компоненттерінің қымбаттауы аясында 8,5%-дан 8,7%-ға дейін жеделдеді. Инфляцияға азық-түлік тауарлары үлкен үлес қосады, оларға бағаның өсуі 10%-ға дейін нан-тоқаш өнімдерінің, жармалардың, сүт өнімдер мен көкөністердің қымбаттауына байланысты жеделдеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 8,5%-дан 8,6%-ға дейін өсті. Ақылы қызметтер 6,8%-дан 7,1%-ға дейін жеделдеді, бұл бірқатар нарықтық қызметтер бағасының өсуіне байланысты. Энергия, металл және ауылшаруашылық өнімдері бағасының өсуіне байланысты жаһандық инфляция бұған дейін болжанған уақыттан да ұзақ мерзім болады және ішкі бағаларға қысым жасайды.
«Үкімет пен әкімдіктердің 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін тиімді іске асыруы, реттелетін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтеріне, жанар-жағармай бағасының өсуіне енгізілген мораторий және тұтынушылық сұраныстың шектеулі динамикасы инфляцияға тежеуші ықпал ететін болады. Мораторийді алып тастағаннан кейін жанар-жағармай бағасының өсуіне жол бермеу керек. Ол үшін шамадан тыс делдалдықты жоя отырып, нарықтық баға белгілеуге және нарықтарды теңгерімді дамытуға жағдай жасау қажет», — деді Ұлттық Банк басшысы.
Сондай-ақ оның айтуынша, азық-түлік пен тыңайтқыштарға әлемдік бағаның өсуі тарапынан инфляция үшін тәуекелдерді барынша азайтқан жөн. Ол үшін сауда шараларын қабылдау, логистикадан туындайтын проблемаларды жедел шешу, тиімді тауар интервенциялары, құбылмалылықты ретке келтірудің нарықтық тетіктерін енгізу ұсынылады. Осы тұрғыда бүгінгі отырыстың күн тәртібінде тұрған Орта мерзімді кезеңде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын тиімді іске асырған жөн. Азық-түлік инфляциясын тұрақтандыру инфляцияны төмендетуде маңызды болып табылады. Ұлттық Банк әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ғана емес, инфляцияға елеулі үлес қосатын басқа да тамақ өнімдері бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс деп есептейді.
Бағаны тұрақтандыру үшін Ұлттық Банк өз тарапынан базалық ставка бойынша алдағы шешімдерді болжамды және нақты инфляцияны, инфляциялық күтулерді және геосаяси жағдайдың дамуы мен оған қаржы нарықтарының ықпалын ескере отырып қабылдайтын болады.
Үшінші. Елдің халықаралық резервтерінің өсімі мен зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру.
Ақпанда жалпы халықаралық резервтер $87,5 млрд дейін $161 млн өсті, оның ішінде алтынвалюта резервтері – алтын бағасының өсуіне байланысты $33,5 млрд дейін $132 млн өсті. Ұлттық қордың активтері ақпанда $53,9 млрд болды. Ақпан айында бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін $510 млн сатылды. Ұлттық қорға жалпы түсімдер осы жылдың басынан бастап 925 млрд теңге болды, бұл өткен жылдың ұқсас көрсеткішінен 4,5 есе жоғары.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бастап 533,5 млрд теңгеге немесе 4,1%-ға ұлғайып, 13,6 трлн теңгені құрады. Осы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 534,2 млрд теңгені құрады. Осы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша инфляция 1,5% болса, кірістілік 4,0%, ал нақты кірістілік 2,5% болды.
Төртінші. Төлем жүйелерін дамыту.
Биылғы жылдың қаңтар айында Ұлттық Банк төлем жүйелері арқылы 52,5 трлн теңге сомасына 4,2 млн транзакция жүргізілді. Орташа алғанда, бір күнде төлем жүйелері арқылы 2,9 трлн теңге сомасына 232,5 мың транзакция жүргізілді. 2022 жылғы қаңтарда қолма-қол ақшасыз операциялардың саны мен көлемі 5,4 трлн теңге сомасына 438,5 млн транзакцияны құрады.
Қазақстандық банктердің ел ішінде клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу бойынша барлық операциялары штаттық режимде жүзеге асырылуда.
«Ұлттық Банк нақты уақыт режимінде жағдайдың дамуын және олардың нарықтарға ықпалын қадағалап отырады. Қазақстанның қаржы жүйесіне Ресейге қарсы санкциялардың әсер ету дәрежесін бағалап, қаржы және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады», — деді Ғ. Пірматов.