Өмір жолын енді бастаған жастардың баспанамен қамтылуына қолайлы жағдай жасау – жарқын болашаққа бастайтын қадам. Бұл ретте «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығына жиналған сарапшылар жастардың үйлі болуына мүмкіндік беретін түрлі ұсыныстарды талқылады.
Бүгінгі таңда жастардың өз үйіне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін тиімді жолдардың ішінде жалға берілетін баспана жиі аталады. Белгілі бір мерзімге дейін әжептәуір төмендетілген жалдау ақысымен берілетін мұндай баспаналар жастардың басыбайлы үй алуына қаржы жинауға көмектеседі. Алайда бұл тетіктің де кемшін тұстары баршылық. Мұны аталған іс-шарада алдымен сөз алған Президент жанындағы Әлеуметтік-экономикалық реформаларды сараптау және мониторинг орталығы сарапшылық тобының кеңесшісі Әділ Құсманов жан-жақты айтып берді.
– Біз жалдамалы баспана берудің қолданыстағы ережесіне бірқатар сараптама жүргіздік. Қазір жастарға жалдамалы пәтерлер беріліп келеді. Онда қарсы міндеттемелер тетігін енгізу көзделмеген. Мәселен, баспана 3,5 жылға жалға беріледі. Жастар оған азын-аулақ ақша төлеп тұрады. Уақыты келгенде баспананы қайтарып береді. Бұл бір жағынан жақсы, екінші жағынан адамдарды қаржы жинауға ынталандыра алмайды. Сондықтан Жастар «Отбасы банкі» немесе басқа екінші деңгейлі банктер арқылы қаржы жинауға ынталы болатындай міндеттемелер тетігін енгізуіміз қажет. Жалға алу мерзімі аяқталған кезде ол баспананы несиеге алуға бастапқы қаржы жинай алуы тиіс. Бұл бір жағынан табысы біршама жоғары адамдарға қатысты. Ал жалақысы төмен азаматтарға басқа тетік қарастырған жөн. Жатақхана беру мәселесін де қарастырған дұрыс болар. Онда да жатақхана уақытша және тұрақты тұруға берілуі керек. Мұндай жатақханаларда тұратын адамдар баспананы несие арқылы сатып алуға қажетті алғашқы жарна жинағанға дейін тұру қажет, – деді Ә.Құсманов.
Сонымен қатар сарапшы қазіргі уақытта кез келген жас жалақысының қанша болғанына қарамастан баспананы жалға алатынын айтты.
– Мәселен, менің миллион теңге табыс табатын досым бар және ол жалдамалы пәтер алды. Меніңше, бұл – әділ емес. Оған қарағанда баспанаға мұқтаж жандар бар әрі олар пәтерге қол жеткізе алмай отыр. Өйткені ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан жастарға жалға берілетін пәтер ұсынған кезде олардың айлықтарын да ескерген жөн. Ипотекаға қаражат жинай алмай жүргендерге арналған жаңа тетіктер енгізу қажет, – деді ол.
Жиын барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әзиз Ысқақов та талқыланған мәселеге қатысты өздерінің зерттеулерінен мәлімет келтірді. Оның айтуынша, жастардың бойына нақты қаржылық тәртіпті сіңіруге мүмкіндік беретін міндеттемелер тетігі қажет. Бұл оларға пәтер сатып алуды нақты әрі жүйелі түрде жоспарлауға, өздерінің адами капиталын дамытуға мүмкіндік береді.
– Қаңтар оқиғасына дейін жүргізілген зерттеулерге сәйкес, жастардың басым бөлігі баспана жағдайын жақсартуға үміт артқан. Өкінішке қарай, жоғары оқу орындары қанша жатақхана қажет деген сараптама жүргізбейді. Онсыз жатақхана салу жайлы болжам жасай алмайсыз. Меніңше, бұл бағытта осы қызметті бәсекелестік ортаға шығарудың айтарлықтай әлеуеті бар, – деді Ә.Ысқақов.
Осы ретте іс-шараға ZOOM арқылы жиынға қатысқан «Отбасы банкінің» өкілі қаржы институты тарапынан жастарды баспанамен қамту мәселесі жіті талқыға түспегенін айтады.
– Қазір Мәжіліс қарауында тұрғын үй саясатындағы бірқатар реформа туралы заң жобасы жатыр. Біз бұл тұрғыдағы идеологияны өзгертіп жатырмыз. Баспананың қолжетімділігіне қатысты қандай да бір баспалдақ болады әрі барлық ұстаным отбасының кірісі төңірегінде қалыптастырылады. Егер ол шектен төмен болса, онда «Отбасы банкі» оларды басым тәртіппен қарайды және бұл санат жеңілдікпен несие алуға үміткер саналады. Жастар санатында да осындай мүмкіндіктер қарастыруға болады. Біздің банк негізінен әлеуметтік осал топқа, нақты бір санатпен кезекке тұратын адамдарға жеңілдікпен несие беруге басымдық жасайды. Бұл реттегі басты мәселе – аталған санат қандай қаражат есебінен несие алатындығында. Өйткені кез келген жеңілдікті займ республикалық және жергілікті бюджетке арқа сүйейді, – деді банк өкілі.
Дереккөз: Egemen Qazaqstan