Адам неге шаршаңқы болып жүреді? Одан құтылудың қандай амалдары бар? Бұл туралы аллерголог-иммунолог Гүлназ Қизатқызы Tengrinews.kz тілшісіне айтып берді.

Шаршаңқы болып жүрудің себептері қандай?

Маманның айтуынша, адам денсаулығында кінәрат болса, мысалы, жүрегі, бүйрегі ауырса, шаршаңқы болып жүреді. Ал денсаулығында  айтарлықтай мәселе жоқ, бірақ «таңертең тұруым қиын, күні бойы шаршап жүремін, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін энергиям бітіп қалады» дейтін адамдардың бұл күйінің негізгі себептері мынадай:

  • Дұрыс ұйықтамау. Ағзада жасырын түрде таралатын вирустар болады. Ағзада осындай процестермен күресетін иммунды жүйе болады. Түнгі сағат 22.00 — иммунды жүйе қарқынды жұмыс істейтін кезең. Уақытында ұйықтау иммунды жүйенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді.
  • Дұрыс тамақтанбау, баланс болмауы. Тұтынатын тағам құрамында жеңіл көмірсу көп болуы энергия тез жұмсалуына әсер етеді. Жеңіл көмірсуы бар тағам тез жұмсалып кететін энергия береді. Мысалы, таңертең кофе, круассан, торт жесеңіз, сергек болып қаласыз. Бірақ бір сағат ішінде бұл энергия жойылып кетеді. Сондықтан түс кезінде немесе 11-лерде тағы да бірнәрсе жегіңіз келіп тұрады. Сол үшін көмірсуды азайтып, оның орнын маймен алмастыру қажет. Кейбір ауру кезінде оның мөлшерін, тұтыну қажет пе, соны ескеру қажет. Денсаулығы жақсы адамдар рационына құрамында май қышқылдары бар таза өнімдерді қосуы керек. Май ұзақ энергия береді. Ол жүректің, қантамырының жұмысына ықпал етеді. Қантамырлар дұрыс жұмыс істесе, қан жақсы айналса, «шаршау, есінеу» секілді симптомдар болмайды. Темір жетіспеуі де осы проблеманы туындатады.
  • Ағзада дәрумен жетіспеуі. Бұл тақырыпта көптеген зерттеу жасалған. Адамдарға минералды дәрумендер жетіспейді. Бірақ компенсаторлық механизмге байланысты адам аяғына дейін шыдап жүре береді. Сондықтан көпшілігі мән бермейді. Дәрумендер ағзадағы көптеген процесске қатысады. Дәрумендерді профилактикалық доза мөлшерінде қабылдау арқылы ағзаға көмектесе аламыз. Сағат 18.00-ден асса, сау адамның да энергиясы азайып қалады. Оған бүйрекүсті безінен бөлінетін гормондардың дұрыс жұмыс істемеуі әсер етеді.

Бұл жағдаймен қалай күресу керек?

  1. Ұйқы режимін қалыпқа келтіру қажет. Сағат 22.00-ге дейін ұйықтау керек. Қараңғы бөлмеде ұйықтау мелатонин гормонының бөлінуіне ықпал етеді. Ал ол келесі күнге күш береді. Ол үшін блэкаут перделер іліп, көзге тағатын арнайы таңғышты қолдануға болады. Ұйықтауға 1 cағат қалғанда жасанды жарықтан бас тарту қажет. Соның ішінде ұялы телефонды да қолданбаған абзал.
  2. Не ішіп жүргенімізге қарау керек. Тәттілердің орнына құрамында табиғи майы бар өнімдерді және көкөністерді тұтыну қажет. Сонымен қатар, қолдың таза табиғи сары майы, жеміс-жидек, жұмыртқа сарысы да ағзаға ең қажет тағамдар. Дәл уақытында тамақ ішпеу — бұл проблеманың басты себебі. Сондықтан таңғы асты қалдырмау, түскі асты уақытында ішу, арасында жүрек жалғау, кешкі асты тым кеш ішпеу проблемаңызды шешуге көмектесуі мүмкін.
  3. Дәрігерге тексеріліп тұруды әдетке айналдыру керек. Ағзаға не жетіспейтінін, қандай дәрумендерді қолдану керегін анықтап алу қажет.
  4. Су балансын қамтамасыз ету керек. Өйткені ағзаның 60-65 пайызы судан тұрады.
  5. Үнемі қозғалыста болуды естен шығармау. Денені шынықтыру, күніне 10 000 қадам жүру өте пайдалы саналады. Бұл лимфалық жүйеге де оң әсер етеді.

Сондай-ақ, психологиялық тұрғыдан күйгелек, кез келген нәрсеге алаңдай беретін адамдар да тез шаршап қалады. Үнемі уайым үстінде жүру, асығыстық мәселені ушықтыра түседі. Бұл орайда таза ауада серуендеу, ұзақ  жаяу жүру, жақсы әуен тыңдау, кітап оқу, ұнайтын іспен айналысу, яғни қандай да бір жолмен ойды бөліп, демалу көмектеседі.