Домой Блог Страница 73

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті

c-3«Жастар» сарайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос орындар жәрмеңкесіне 43 ұйым қатысты. Жұмыссыз жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірбике, санитар, механик, байланыс жөніндегі маман және т.б. мамандықтар бойынша бос орындар ұсынылды.

Бос орындар жәрмеңкесіне мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қызметтер және т.б. бағыттарда  мәселелерді шешуге қатысатын үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Жалпы, жәрмеңкеге мүгедектігі бар 100 астам адам шақырылды, олар үшін жұмысқа орналастыру бойынша жеке оңалту бағдарламалары әзірленді.

— Мұндай шараға алғаш рет қатысып отырмын, түрлі ұйымдардың өкілдерімен әңгімелестім, өз түйіндемемді қалдырдым. Біреуі хабарласар деп ойлаймын, — деді жәрмеңкеге қатысушылардың бірі Алмат Алпысбаев.

Бос жұмыс орындарынан басқа, шара барысында жұмыс іздеп келгендер қолдан жасаған бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Соның ішінде, картиналар, сөмкелер, алжапқыштар және т.б.

— Тігін цехы, шеберханалар бар, олар сонда жұмыс істейді, мамандардан сабақ алады. Жұмыссыз жүргендер шығармашылықпен айналысады, содан кейін өз туындыларын көрмелерге шығарады, сатады, — деді «Көмек» қоғамдық қорының өкілі Ирина Зайцева.

Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, ай басындағы жағдай бойынша жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 522 мүмкіндігі шектеулі жан қамтылды, соның ішінде 174-і жұмысқа орналастырылды.

«Шабыт» жастар шығармашылығы фестиваліне қатысуға өтінімдер қабылдау басталды

c-23-8 қарашада Астанада XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтеді. Биыл конкурсанттар алты номинацияда сайысқа түседі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Байқау қорытындысы бойынша классикалық музыка, халық музыкасы шығармаларын үздік орындаушы, үздік эстрадалық вокал орындаушысы анықталады, сондай-ақ, дарынды әртістер «Бейнелеу өнері», «Үздік әдеби шығарма» және «Хореография» номинацияларында бақтарын сынайды.

Конкурсанттарды іріктеу үш турмен өтеді. Қатысушылардың репертуары мен әрбір музыкалық аспапқа арналған шығармаларды ұйымдастырушылар алдын ала белгілеп қойды. Әрбір номинация бойынша конкурсты өткізу бағдарламасы мен өткізу орны туралы толық ақпарат www.shabyt.astana.kz сайтында жарияланған, сондай-ақ, 16-дан 35 жасқа дейінгі жастар фестивальға қатысуға өтінім бере алады. Өтінімдерді қабылдау 20 қазанға дейін жалғасады.

«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі 19-шы рет өткізіліп отыр. Аталған шара өнер әлеміндегі маңызды оқиға болып табылады. Бұл — жас дарындарға үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Осы күнге дейін фестивальға өнердің түрлі жанрлары бойынша 10 мыңнан астам адам қатысқан. Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов, ақын Қалқаман Сарин, балет әртісі Әйгерім Бекетаева, опера әншісі Айгүл Ниязова, «Меломэн» тобы, Аша Матай, Қайрат Баекенов және басқа да танымал тұлғалар әр жылдары фестивальға қатысып, Гран-при иегерлері атанған.

Айта кетейік, фестивальда тек қазақстандықтар ғана емес, шет мемлекеттердің де жастары бағын сынайды. Бұған дейін «Шабыт» фестиваліне Австрия, Израиль, Италия, Литва, АҚШ, Түркия, Франция, сондай-ақ, Белоруссия, Қырғызстан, Польша, Ресей және Өзбекстан өкілдері қатысқан.

Қарашаның 3-і мен 8-і аралығында конкурсанттардың өнерін тамашалауға болады. Көрермендер үшін кіру — тегін.

ОҚО-да «Ырыс» ұйымы қаржыландырған 25 үздік жоба анықталмақ

600_3ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, «Ырыс» микроқаржы ұйымы өзі арқылы қолдау тапқан кәсіпкерлер ішінен ең үздіктерін анықтауды бастады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

«Үздік жоба» аталымы — «Ырыс» қаржы ұйымынан алған несиені мақсатты пайдаланған, ай сайынғы төлемін уақытылы қайтарып отырған және облысымыздың кәсіпкерлік саласын дамытуға үлес қосып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізіп отырған 25 кәсіпкерге табысталады.

16 желтоқсанға дейін жалғасатын шараның нәтижесі туралы барлық ақпаратты жергілікті БАҚ пен «Ырыс» МҚҰ-ның әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы білуге болады.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Ырыс» МҚҰ арқылы 3 266,9 млн. теңгеге 1499 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде, көктемгі егін егу және жинау жұмыстарына құны 1 387,9 млн. теңгені құрайтын 834 жоба жүзеге асырылса, мал бордақылау алаңдарын салу үшін 1 427,1 млн. теңгеге 541 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, шағын тауарлы сүт фермаларын ашу мақсатында құны 79,1 млн. теңгеге 33 жоба іске қосылып, басқа да қызмет түрлеріне кіретін жобаларға құны 372,7 млн. теңгені құрайтын 91 жоба қаржыландырылды.

Кентауда 10 ауданды электр энергиясымен қамти алатын трансформатор құрастырылып шығарылды

600_130Еліміздің бетке ұстар мекемесі — Кентау трансформатор зауыты Қазақстанда тұңғыш рет 80 мегаваттық трансформаторды құрастырып шығарды. Бұл жемісті еңбек тек зауытта ғана емес, республикада орын алып отырған тарихи жаңалық деуге болады. Өйткені, Қаратау тәжіндегі құрастырылатын трансформатордың ең қуаттысы 63 мегаваттыққа дейінгі болатын.

Айта кету керек, бір данасының өзі Кентау секілді 10 ауданды электр қуатымен қамтитын алпауыт трансформаторға қазіргі таңда 4 тапсырыс түскен.

Басшылықтың біліктілігі мен шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Кентау трансформатор зауытының ұжымы өткен жылы үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Өнім көлемі межеленген жоспардан артық орындалып, 11 млрд теңгеге жетті.

2015 жылдың жырты жылдығында экспорт көлемі 33 пайызға өссе, биыл бұл көрсеткіш 40 пайызға көтеріліп отыр. Алдағы уақытта экспортты 50 пайызға жеткізу жоспарлап отырған зауытта 1100 қала тұрғыны үш ауысымда тұрақты еңбек етеді.

Осылайша, дағдарыстан дамуға бет алған зауыт қазірдің өзінде 2017 жылғы қаңтар айына дейін жететін тапсырыстар қабылдап, келісім-шарттар жасасып қойған. Тапсырыс берушілердің көпшілігі шет елдік компаниялар. Тіпті, кейбір мемлекеттер 3 жылға дейін келісім-шартқа отырған.

«Еуразиялық Экономикалық Одақтың» жемісін  көріп отырған бірден-бір компания жақында ғана Белоруссия мемлекетінен тапсырыс алды. Бұл тарихта болмаған оқиға. Ал Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де елдерден келіп жатқан тапсырыстардың да көлемі артып келеді.

Жаңа техникамен жарақтандырылуға және жаңа өнім шығаруға зауыт басшылығы әрдайым басымдық береді. Кеңес Одағы тұсындағы жабдықтар қазір жарамсыз. Сондықтан зауыт құрылғалы бері мұндағы технологияның барлығы түгелімен жаңаланды. Өндіріс көлемі 20 жылда 20 есеге өсті. 2014 жылы — 26, 2015 жылы — 36 жаңа өнім түрі шығарылса, 2016 жылы — 42 жаңа өнім түрін шығару жоспарланып отыр.

ОҚО әкімі Шымкент активімен танысты

862bf757-6af3-4a8d-983a-56a6849311b8Кеше ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының активімен кездесіп, қала əкімі жəне оның орынбасарларының бүгінге дейін атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Алқалы кездесуде қала әкімі өңір басшысына қалаға қарасты мемлекеттік құрылымдардың басшыларын таныстырып, Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі бес жылдық даму тұжырымдамасы жобасындағы бірқатар мәселелер мен жаңа бастамалар туралы баяндады.

Өз кезегінде, аймақ басшысы облыстың өсіп, өркендеуі әрқашан қаламен тығыз байланыста екенін айтып, Шымкенттің əлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, облыс əкімі Шымкент шаһары туристік аймақ болып табылатындықтан, қаланың сырт келбетіне айрықша көңіл бөлу қажеттігіне тоқталып, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен бей-берекет орналасқан жарнамалық бидбордтарды ретке келтіруді жүктеді.

Жиынды қорытындылаған облыс əкімі қалада білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Шымкентті болашақ үшінші мегаполиске айналдыру бойынша жүктеген міндеттерін əрмен қарай бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

ОҚО әкімі Шымкенттегі құрылыс нысандарын аралады

434d1698-fcf1-464d-a871-e8dd342c1e52Бүгін қала активімен танысқан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралап көрді. Ең алдымен, облыс әкімі Тəуке хан даңғылының күрделі жөндеу жұмыстары мен Қапал батыр көшесіндегі көпірдің құрылысымен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын көпірдің бір жағы пайдалануға берілген болатын. 1 млрд. 142 млн. теңгеге бағаланған теміржол өткелінің бір бөлігіндегі құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.

Сонымен қатар, облыс әкімі қаладағы салынып жатқан əлеуметтік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын аралап көріп, «Shymkent-City» жобасымен танысты. Жұмыстардың сапалы болуы қажеттігіне айрықша көңіл бөлген аймақ басшысы нысандардың сырт келбетіндегі сәніне де назар аудару керектігіне тоқталды.

Шымкент қаласын аралау барысында аймақ басшысы жаңадан ашылған Жайлаукөл демалыс аймағында болды. Мұнда ТМД елдерінде биіктігі жағынан үшінші орынды алатын, ал Орта Азия бойынша ең биік аттракцион орналасқан.

Созақтықтар 2,5 мыңнан астам қаракөл қойын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспорттады

600000_5Биыл Созақ аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің  тарапынан қолға алынған ауыл шаруашылығы малдары етін экспортқа шығару жөніндегі жұмыстар оң нәтижесін берді.

Осы жылдың тамыз айы мен қазан айының бірінші онкүндігі аралығында «Қара Құр» өндірістік кооперативінде өсірілген 2688 бас еркек қаракөл тоқтылары Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығару үшін сатылды, деп хабарлайды Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа ұсақ мал мен қой, сиыр, түйе етін шығарумен айналысатын «Дисада» ЖШС-нің директоры Сүлейманов Санат: «Біз Созақ ауданы «Қара-Құр» өндірістік коперативінен 2 партия, барлығы 2688 бас ұсақ мал төлдерін экспортқа шығарып отырмыз. Алдағы кезеңде араб мемлекеттеріне экспортқа аудан агроқұрылымдарынан ұсақ мал мен сиыр, түйе етін шығару ісін жүйелі түрде жалғастыратын боламыз», — дейді.

Мұнан бөлек, серіктестіктің Біріккен Араб Әмірліктеріне 50 мың бас ұсақ мал төлін сату жөнінде келісімшарты бар. Бүгінде экспортқа тірідей мал төлдерін шығарумен айналысып жүрген шаруалар келешекте Созақтың Таукент кентінде орналасқан «Таукент мал сою цехын» күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосуды жоспарлап отыр. Мал сою цехы іске қосылғанда мұздатылған ауыл шаруашылығы малдарының етін де шетел нарығына шығаруға мүмкіндік пайда болмақ.

Әлеуметтік тақырыптағы сурет байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау жалғасады

Байқау адамдардың шығармашылығын дамытуға, сондай-ақ, қоғам назарын әлеуметтік маңызды проблемалық мәселелерге аударуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Суреттерді қазанның 1-і мен 21-і аралығында тапсыруға болады. Астаналықтар ұлттық мәдениетті қолдау; патриотизмді насихаттау; халықтың өмір сүру деңгейі; денсаулық сақтау және білім саласындағы жағдай; ұлтаралық және конфессияаралық шыдамдылық; нашақорлықтың, ойынқұмарлықтың, темекі шегу мен маскүнемдіктің және ЖИТС-тің алдын алу; қоршаған ортаны қорғау және т.б. тақырыптардағы өз еңбектерін ұсына алады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, конкурсқа Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған суреттер де қабылданады.

Шығармашылық байқауға елордада тұратын, оқып жүрген немесе жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Конкурста жекелеген авторлар да, ұжымдар да бағын сынайды.

Ол үшін ұйымдастырушылар ұсынған бір немесе бірнеше тақырып бойынша эскиз дайындау керек. Әр туындымен бірге белгіленген үлгідегі өтінім тіркелуі тиіс. Өтінімдерді Астана қаласының әкімдігіне 15 қазанға дейін тапсыруға болады.

Жұмыстар А3 форматында немесе графикалық нұсқада орындалуы керек.

Айта кетейік, конкурсқа қатысу тегін. Конкурстың қорытындысы 1 қарашада шығарылады және біздің сайтта жарық көреді. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады, үздік туындылар аталған тақырыптар бойынша жарнама конструкцияларын  жасау кезінде пайдаланылады.

Анықтама телефондары: +7 (717 2) 55 67 14,  8 (700) 555 22 58.

Астана әкімдігінде жаңа кадрлық тағайындаулар жасалды

cӘсет Исекешев Жакенов Берік Оралұлын Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Берік Жәкенов 1978 жылы 25 тамызда Астана қ. (Целиноград қ.) туған. 2000 жылы Шәкірім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Экономист» мамандығы бойынша бітірген. «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша экономика ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын 2000 жылы Ақмола облысының Көкшетау қаласында салық полициясы органдарында бастаған. Қазақстан Республикасының салық органдарында көп жыл еңбек еткен, Астана қаласы бойынша салық комитетінің ақпараттық жүйелерді енгізу және сүйемелдеу бөлімінің маманы болған. 2009 жылы Қарағанды облысы бойынша Салық департаменті бастығының орынбасары, содан кейін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болып істеген. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшылығы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болған. 2015 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметіне тағайындалды.

Сонымен қатар, Астана қаласының өкімімен Карагойшин Асхат Жиенбайұлы Астана қаласының автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып және Кенжебаев Назымбек Әміржанұлы Астана қаласының жер қатынастары және жерді пайдалануды бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды. Екеуінің де мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу тәжірибесі мол: А.Карагойшин 2010 жылдан, Н.Кенжебаев 2007 жылдан бастап басшының орынбасары болып қызмет еткен.

Жаркенттік балаларға — жаңа балабақша

412711bee4fd06bcf2199c2394524e15Жуырда Алматы облысы Панфилов ауданының Жаркент қаласында 180 орынды жаңа балабақша ашылды. Бұл жаңа нысанды кәсіпкер Қайрат пен Ләззат Раевтар салды.

Балабақшаның ашылуымен аудан әкімі Бердәулет Абдулдаев құттықтап, кәсіпкерлерге алғыс айтты. Жаңа мекемеде ауданның балалары сапалы білім мен тәрбие алатынына сенім білдірді.

Екі қабатты «Алтын ұя» балабақшасы заманауи талаптарға сай, қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Кәсіпкерлер бұл нысанның құрылысына 173 млн. теңге жұмсаған. Жаңа балабақша жаркенттік балаларға сый болды.