Кеше елордада кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, оған 60-тан астам жұмыс беруші қатысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бұл жолы шараны ұйымдастырушылар білім саласын қамтып, мектеп, балабақша, колледж, жеке меншікті білім ұйымдарындағы бос жұмыс орындары ұсынылды.
– Оқу жылы қарсаңында білім саласына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді ұйғардық. Өкінішке орай, көптеген мектептер мен балабақшаларда мамандар жетіспейді. Әсіресе, білікті психологтар мен балабақша тәрбиешілері елордада аз. Жәрмеңке білім мекемелеріне де, жұмыссыз азаматтарға да көмектеседі деп үміттенеміз, – деді Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспанов.
Астана қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Олжас Омардың айтуынша, жұмыс берушілерде 300 жуық бос жұмыс орны бар.
Шараға балабақша, колледж, орта мектептер мен жеке меншікті ұйым өкілдерінен басқа, Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкерлері де қатысты. Қазіргі кезде тізімде физика, қазақ және орыс тілдері, экономика, математика, биология, химия, тарих пәндерінен мұғалімдердің бос жұмыс орындары көрсетілген.
Жалпы, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеген 7941 адам жүгінген, 4350 адам жұмысқа орналастырылды. Сегіз бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қортындысы бойынша 300 артық адам жұмыспен қамтылды, 60-тан астамы тағылымдамадан өтуде.