Алматы облысы Талғар ауданы Еламан ауылында 300 орынды жаңа мектептің құрылысы басталды. Білім мекемесін тұрғызуға облыстық бюджеттен 940 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Жаңа мектептің жалпы аумағы 3,5 гектарды құрайды. Мектептің өзі бас жоспарға сәйкес 1,5 гектарға мөлшерленген. Жобада ауқымды спорт зал, кітапхана, үлкен асхана, 100 орынға арналған мәжіліс залы қарастырылған.
Талғар ауданы, Қайнар ауылдық округінің әкімі Жандос Ясыновтың айтуынша, округте 11 елді мекен, 4 жалпы білім беретін мектеп бар. Және оған қоса Еламан ауылында 130 орынға арналған мектеп балаларды тек бастауыш сыныптарды үш ауысымда оқытады. Бұл мектептің бастауыштарға ғана арналғандығы себепті жоғары сынып оқушылары көрші ауылдарға барып оқитын еді. Енді жаңа мектеп ашылғаннан кейін бұрынғы мектептің ғимаратын балалар бақшасы ретінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сөйтіп, екі мәселені бірден шешуге мүмкіндік туады: жоғары сынып оқушылары білім іздеп басқа ауылға сабылмайды және бүлдіршіндер үшін балабақша ашылады.