«Алау» мұзайдын сарайында жазғы спорт орталығының жабылу рәсімі өтті. Шара барысында қонақтар үшін спорттық жарыстар мен эстафеталар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Алау» жазғы спорт орталығына жазғы маусымда 12 710 келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17% артық. Сондай-ақ, қалалық мектептердің жанындағы лагерьлерден 1500 оқушы қатысқан, көп балалы отбасылардан шыққан 250 бала сарайда сүйікті спорт түрлерімен айналысты.
Айта кетейік, көп балалы отбасылардан шыққан 5 жасқа дейінгі балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен I және II топтағы мүгедектер үшін кіру тегін. Ал зейнеткерлер мен 12 жасқа дейінгі балалар, ІІІ топтағы мүгедектерге 50% жеңілдік жасалады.
– Өткен жылмен салыстырғанда келушілер саны артып отыр. Жастардың спортқа бет бұра бастағаны қуантарлық жайт. Біз түрлі қызықты жарыстар, жастарды спортқа баулитын түрлі шаралар өткіземіз, – дейді «Алау» мұзайдын сарайының директоры Сауырбай Есжанов.
Биыл «Алау» сарайында көптеген спорт фестивальдары, марафондар мен спорттық шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай үстел теннисінен ашық біріншілік, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шахмат пен үстел теннисінен «Астана-2016» жарысты, Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік бағдарлама, шахматтан Хәкім Омаров атындағы халықаралық турнир, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің арасында бадминтоннан әуесқойлар арасындағы I турнир, сондай-ақ, Спорт күніне орайластырылған «Алаупиада» шарасы.
Жазғы спорт орталығы жабылғаннан кейін қыркүйекте «Алау» жаңа маусымға дайындалады, мұз құяды. Ал 1 қазанда бұқаралық коньки тебудің қысқы маусымы ашылады.