Облыстық опера және балет театрының шығармашылық ұжымы IХ театр маусымын Е.Брусиловскийдiң «Қыз Жiбек» операсымен ашты. Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай сахналанған, ұлттық өнерiмiздiң алтын қорына енген қойылым 2 актiлi, 4 көрiнiстi. Ғ.Мүсiреповтiң «Қыз Жiбек» операсының негiзiне махаббат пен адалдық жайлы дастан өзек етiп алынған, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.
«Қыз Жiбек» операсын театр ұжымы алғаш рет 2010 жылы сахналаған болатын. Сол кезден бастап махаббат лирикасына толы «Қыз Жiбек» операсы театр сахнасынан түспей келедi. Рухани қазынамыздың жауїар туындасына айналған ұлттық операның құдiретi әлi талай көрерменнiң жүрегiн тебiрентетiнi сөзсiз.
Бiр ерекшелiгi, «Қыз Жiбек» операсының бұл нұсқасы бұрынғыларынан өзгешелеу. Опералық қойылымда (қоюшы режиссерi А.Алтынбеков) жесiр қалған Қыз Жiбек арада сегiз жылдан соң әмеңгерлiк жолмен Төлегеннiң iнiсi Сансызбайға тұрмысқа шығып, спектакль эпоста жырланғандай, мерекелiк той-думанға ұласады.
Қойылымды тамашалай отырып, Жiбек партиясын орындаған Үрәлхан Сейiлбекованың ғажап дауысына, актерлiк шеберлiгiне, Төлегендi сомдаған Ерлан Жандарбайдың бекзат болмысына риза болдық. Дегенмен, қойылымдағы ең жарқын әрi сәттi шыққаны Марат Оразметовтiң сомдауындағы Бекежан образы десек қателеспеймiз. Кезiнде «Театр көктемi» фестивалiнде әйгiлi театр сыншысы, марқұм Әшiрбек аға Сығайдың өзi «Елiмiздiң бiрде-бiр опера театрында дәл Марат Оразметов сомдағандай Бекежан болған емес. Бұл деген ғажап дүние!» деп баға берген едi. Сондай-ақ, Шеге партиясын орындаған Қайрат Құлыншақовтың дауыс мәнерiндегi қайталанбас иiрiмдер, Сансызбай рөлiндегi Нұржан Жүсiпбековтiң құлаққа жағымды құнарлы мақамы «Қыз Жiбек» операсын байыта түскен. Әрине, бұдан басқа партиялардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталса да артықтық етпеген болар едi деген ойдамыз.