«IT МОЛОДЕЦ» деп аталатын жаңа телетуынды Айдар есімді IT саласының маманы туралы. «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік жоғары оқу орындарының бірін бітіріп келген ол жаңа инновациялық дүние ойлап табуды өзіне мақсат еткен.
Жас маманның бұл мақсатына жетуіне бір ғана нәрсе кедергі — ол «Болашақ» бағдарламасының келісімшартында көрсетілгендей, мемлекеттік қызметте 2 жыл жұмыс істеуі тиіс. Ал, бұл талаптан қашып құтыла алмайтынын білген жас маман шалғайдағы, тіпті интернеттің картасында жоқ ауылдардың біріне қоныс аударады.
Телесериалдағы кейіпкерлердің мінездері, дүниетанымдары сан түрлі, актерлардың барлығы да өз рольдерін ойдағыдай сомдап шықты дейді фильм авторлары. Картинадағы басты рольдерді Рауан Мұратәлиев, Гүлнар Сейілбаева және Әбунасыр Серіков сомдайды.
Басты кейіпкер Айдар фильм барысында ауыл тұрғындарына жаңа технологияларды көрсетіп, смартфон, планшет сынды гаджеттермен жұмыс істеуді үйретеді. Сондай-ақ, ол ауылда жүріп жаңа смартфон бағдарламасын ойлап тауып, оған инвесторларды да тартады. Қаланың «ақсаусақ» баласы осы ауылда қазақшаны үйреніп, ет жеуді бастайды.
Осылайша, шетелден Қазақстанға үлкен компанияда жұмыс істеуді армандап келген бозбала өзінің сүйікті ісін және махаббатын ауылдан табады. Айдардың ауылдағы өмірінің қалай өрбігендігі жайында көрермендер «31-арнадан» жақын күндері көре алатын болады.