Талдықорғанда Конституция күніне орай «Жастар» саябағында мерекелік концерт өтті. Сондай-ақ онда түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, оған көрермендер де қатысуға мүмкіндік алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Концерт облыстық драма театр әртістері тарту еткен театрландырылған қойылыммен басталды.
Көпшілік алдында сөз алған Талдықорған әкімі Бағдат Карасаев қала тұрғындары мен қонақтарын Конституция күнімен құттықтады.
«Біздің халқымыздың тарихи таңдауының нәтижесінде Конституция қоғамның тұрақты дамуына, Қазақстандағы барлық ұлыстардың тең құқықты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік жасады», — деп атап өтті әкім.
Бұдан соң ол өңірдің қол жеткізген нақты жетістіктері жайлы айтып берді.
Шара соңы «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концертіне ұласты.