Елордада таңғы 8.00-де ең ауқымды Астана марафоны басталды. Жүгіруге әлемнің 25 мемлекетінен 4500 адам қатысуда. Кәсіпқой марафоншылармен және салауатты өмір салтын ұстанатындармен бірге ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков те қашықтықтарды бағындырды.
«Хан шатыр» СОО жанында қатысушыларға 10, 21,1 және 42,2 қашықтыққа жүгіру үшін номерлер таратылды. Жарыста 18-ден асқандар күш сынасады.
Өзге қалалар мен мемлекеттен келген қатысушылар үшін марафон Астананы көрудің жақсы мүмкіндігі. Биыл маршрут қаланың барлық аудандарын қамтиды және жүгіру кезінде марафоншылар жас елорданың көрікті жерлерін тамашалайды.
— Бұл халықаралық жүгірушілердің рекордты саны қатысып отырған 42,2 шақырымдық екінші марафон. Қазақстанның түрлі қалаларынан келгендер де көп. Негзінен, еліміздің түкпір-түкіпірінде марафонға деген қызығушылықты арттырмақпыз. Бүгінгі маршруттың артықшылығы ол планетамыздағы ең «жазық» маршруттардың бірі, біз теңіз деңгейінен 30 метрдей жоғары орналасқанбыз. Соның арқасында нәтижелерді жақсартуға болады, — дейді «Астана марафоны» бұқаралық жүгіруінің бас ұйымдастырушысы Гауһар Брамлей-Фентон.
Риодағы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Гюзель Манюрова, Елдос Сметов, Фархад Харки және т.б. марафонға қолдау көрсетті. Жүгіруді ұйымдастыру деңгейі шетелдік қонақтарға да ерекше әсер қалдырды.
— Бұл менің 19-шы толық марафоным, мен 58 жартылай марафонға және 60 км-лік 1 ультрамарафонға қатыстым. Астанаға екінші рет келіп отырмын, бұл қала маған өте ұнайды. Спорт – өмірімнің серігі, өзім Байкалда өскем, шаңғы жарысымен, жеңіл атлетикамен айналыстым, толық марафонды жүгіріп өту бала кезімдегі арманым, — дейді 70 жасар қырғызстандық жүгіруші Виктор Тюменцев.
Айта кетейік, «Астана марафоны» сағат 14.00 аяқталды.
Жиналған қаржы қайырымдылық қорларға беріледі. Жалпы, 2009 жылдан бері марафонның көмегімен 24 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Сондай-ақ, қаржының бір бөлігі ауыл жастарын спортқа тартуға арналған One Steppe Beyond қайырымдылық жобасын жүзеге асыруға бағытталады.