
Түркістан қаласындағы орталық Есімхан алаңында шаһар тұрғындары Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл мен 19 жастағы түркістандық палуан Дидар Хамзаны зор қошеметпен қарсы алды, деп жазады Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Байрақты бәсекеде ел намысы үшін сынға түскен қос саңлақты алдымен, қала әкімі Ә.Өсербаев құттықтап, қаржылай сый-сыяпат жасады. Сонымен бірге, облыстық мәслихат депутаты Р.Тәңірбергенов сөз алып, күміс қызға жеңіл автокөліктің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
Ерекше ықылас білдірген қала жұртшылығына алғысын жеткізген Жазира Жаппарқұл өз сөзінде Түркістан қаласының жастарын «Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебінен» ашылған ауыр атлетика үйірмесіне қатысуға шақырды.