Үлескерлердің үшін тұрғын үй мәселесін шешу — Алматы облысы басшылығының үнемі бақылауында тұрған мәселе болатын. Үлескерлердің қатысуымен құрылыс жүргізу жұмыстарына жауапты Алматы облысы әкімдігінің уәкілетті органы болып табылатын «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС-нің директоры Нүгірбек Абулғазиннің мәлімдеуінше, бүгінгі күні Алматы облысында үлескерлік құрылыс мәселесі толықтай шешілді.
Өздеріңізге белгілі, 2008-2009 жылдар аралығында Алматы облысында 4129 үлескері бар 21 проблемалық нысан болатын. 2009 жылы мемлекеттік қаржыландырудың көмегінсіз 12 нысан бойынша 1553 үлескердің мәселесі шешілген болатын.
«Сонымен қатар, мемлекеттік қаржылық қолдаудың арқасында тағы 34 кешеннің құрылысы аяқталып, нәтижесінде тағы 9 нысан бойынша 2576 үлескердің мәселесі шешімін тапты. Бұл мақсатқа бюджеттен 34,588 млрд. теңге бөлінген болатын, оның 34,009 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген болса, 0,579 млрд. теңге жергілікті бюджеттен қарастырылды. Осының арқасында барлық қажетті инженерлік жүйелері тартылған 355 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй бой көтерді», — деп хабарлайды Нүгірбек Абулғазин.
Н. Абулғазиннің хабарлауынша, үлескерлердің мәселесі бойынша соңғы нысан саналатын «Өмірұзақ» тұрғын үй кешені бойынша соңғы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталған. Жалпы аумағы 20,922 мың шаршы метр болатын 114 пәтерден тұратын 51 жеке тұрғын үй тұрғызылды. Нәтижесінде 105 үлескердің мәселесі оңды шешімін тапты.
Осылайша, бүгінгі күні Алматы облысында үлескерлік құрылыстың проблемалық мәселелері толықтай шешілді.