Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы маусымның ашылуы туралы хабарлайды. Концерттер қыркүйектің 16-ы мен 21 аралығында Конгресс-холлда өтеді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
XX концерттік маусым оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен ашылады. 16 қыркүйекте Конгресс-холлда қазақ композиторы Сыдық Мұхамеджановты еске алуға арналған «Шаттық Отаны» концерті өтеді.
Бағдарламада Сыдық Мұхамеджановтың «Қазақ увертюрасы», «Қыз қуу», «Мереке», «Классикалық күй» шығармалары, сондай-ақ, «Шаттық Отаны» симфониясы орындалады.
Оркестрдің орындауындағы «Қобызға арналған концерт» пен «Айсұлудың ариясы» тыңдармандардың құлақ құрышын қандырады. Сонымен қатар, халықаралық конкурстар мен фестивальдардың лауреаттары Шахризада Тыныштық, Салтанат Мұратбекова, Нұрғали Тұрлыбеков және ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Нұрай Танабаев та өз өнерлерін ортаға салатын болады.
Ал 21 қыркүйекте симфониялық оркестрдің XVII концерттік маусымы ашылады. Бұл күні Конгресс-холлда әйгілі композитор Ғазиза Жұбанованы еске алуға арналған концерт өтеді. Кеш барысында «Жігер» симфониясы, елімізден тыс кеңінен танымал Ғазиза Жұбанованың оркестр мен фортепианоға арналған концерті орындалады.
Кеште Жұбанованың немересі Карина Измаилова өз өнерін ортаға салады. Концерттер сағат 19-да басталады.