Созақ ауданында бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен қарқынды түрде айналысуда, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Ал сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырған теріскейліктердің қаракөл мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстары өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық — «Құмкент» және «Қара құр» өндірістік кооперативі қаракөл қойын өсірумен айналысады.
Тамыз айында «Қара құр» өндірістік кооперативі 1238 бас қаракөл тоқтысын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарып, тиімді бағада сатты. Шетелдіктердің қой алудағы талаптарынан толықтай шыққан кооператив жетекшісі жыл соңына дейін тағы да бірқатар қаракөл қойын шетелге сатуды жоспарлап отырғанын айтады.