Кеше өңір басшысы Б.Атамқұлов ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамына жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады. Аталған іс-шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі жол патрульдік полиция қызметкерлеріне «КИА-РИО» маркалы 73 теміртұлпар мен учаскелік полиция инспекторларына «ВАЗ-2121010» маркалы 5 арнайы автокөлігін беріп, қызметтеріне табыс тіледі.
«Құрылғанына 1 жылға жуық уақы тта жергілікті полиция қызметіне қоғамның көзқарасы оң болып, сенімі артып отыр. Сіздер қиын сәттерде қарапайым халықтың арқа сүйер сүйеніші әрі әділеттіліктің жаршысы болуға тиіссіздер. Алдағы уақытта да сіздер облыс тұрғындарының құқықтарын қорғап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға барлық күш-жiгерін жұмсайды деген сенiмдемiн», — деді Б.Атамқұлов.
Шара барысында ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінен құралған қызметкерлер 10 баған түзеп, салтанатты шерумен жүріп өтті. Кездесу қонақтары мен қатысушыларына жаңадан алынған қызметтік автокөліктер көрсетілді.