Кеше Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Алматы облысының Астанадағы «Қуатты аймақ — қуатты Қазақстан» атты күндері аясында бірнеше ауқымды шаралар болып өтті. Ұлттық кітапханада «Жерұйық мекен – Жетісу» атты жетісулық ақын-жазушылар кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер киелі Жетісу жерінің ақын-жазушыларының қаламынан туған шығармаларымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ осы күні Ұлттық мұражайда да көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Алматы облысы мұражайларындағы экспонаттар, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қолданған жеке заттары, көне ыдыстар, тұрмыстық және зергерлік әшекей бұйымдар, өзге де көптеген экпонаттар қойылды. Сонымен қатар көрмеге жетісулық қылқалам шеберлерінің портер, пейзаж және тарихи тақырыптағы шығармалары да қойылды. Бүгінгі күнге жоспарланған шаралар соңы «Жастар» театрының сахнасында Алматы облысының Б. Римова атындағы драма театры әртістерінің орындауындағы «Керей — Жәнібек» атты спектаклін қоюмен өз мәресіне жетті.
Осылайша Алматы облысының делегациясы облыс күндері шеңберінде әзірлеген бағдарламасының бірінші күні Елордалық тұрғындар мен қала қонақтарының көңілінен шығып, ыстық қошеметіне бөленіп үлгерді.
Ертеңгі күні де астаналықтарды таңның атысынан кештің батысына дейін қызықты шараларға толы күн күтуде…