
Бүгін Астана қаласы әкімдігінің Дағдарыстық орталығында Отбасы күні аталып өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларды құттықтауға цирк, қуыршақ театрының әртістері, бишілер мен танымал орындаушылар келді.
Қазіргі кезде орталықта 7 әйел мен 16 бала тұрып жатыр. Мекемеде барлық маңызды мерекелер аталып өтілгенімен, қызметкерлер түрлі шараларды өз бетінше жиі ұйымдастырады.
— Отбасылық құндылықтарды нығайту үшін отбасы күнін тойлаймыз. Негізінен, отбасын сақтап қалуға тырысамыз. Орталықта әйелдерге әлеуметтік қызметкер көмектеседі. Балалармен күн сайын тәрбиешілер жұмыс істейді, олармен ойнайды. Оқу сыныбы да бар. Ажырасуға бел буғандарға заңгеріміз көмектеседі, алимент алып береді, — дейді Астана қаласы әкімдігінің Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған тұлғаларға арналған дағдарыстық орталықтың директоры Нұрбол Зұлқарнаев.
Бүгін аналар мен балалар конкурстарға қатысып, цирк, қуыршақ театрының қойлымдарын, түрлі билер тамашалады. Белгілі әнші Бауыржан Исаев баршаға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
— Мен әрқашан да әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетемін. Өкінішке орай, бүгінде Астанада тұрмысы төмен отбасылар аз емес. Дағдарыстық орталыққа екінші рет келіп отырмын, алдағы уақытта қайырымдылық концерттерді мұнда ғана емес, қарттар мен балалар үйлерінде де өткізу жоспарда бар, — дейді орындаушы.
Айта кетейік, әйелдер орталықта бір айдан алты айға дейін, кейде комиссияның шешімімен бір жылға дейін болады. Зардап шеккендердің ниетімен олардың күйеулерімен жұмыстар жүргізіледі, кейбір ерлер психологпен сөйлесуге өздері сұранады.
Үш жылда орталықта 329 адам, соның ішінде 222 бала болған.