Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай алғаш рет өткен «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Елорда әкімі Әсет Исекешев тағайындаған бас жүлде автокөлікті Байторы сәйгүлігімен Алматы облысынан келген шабандоз Ержігіт Төлегенов иеленді, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Қазанат» атшабарында өткен бұл турнирде орта қашықтықтағы бәйге 9 шақырымды қамтыды. 5 айналымға созылған бұл қашықтыққа 30 жүйрік шапты.
Байторы сәйгүлігінен соң мәреге екінші болып жеткен Жұматай Ақжол Триумп жүйрігімен 2-орынды, ал шабандоз Асқар Омаров Қыран атты тұлпарымен 3-орынды иеленді.
Сонымен қатар, Теңге ілу сайысында бойынша 1-орынды Берікқали Жақишев алды. Одан кейінгі жүлде – Әлихан Бәшімбаевқа, 3-орын Бақытжан Сапарбековке бұйырды.
Жамбы ату сайысына қатысушылар ат үстінде шауып келе жатып садақпен нысана көздеді. Бұл сайыста мергендігімен танылған Тілекқали Ізденбаев бәрінен үздік болды. 2-орынды Елдос Бадашев алса, 3-орынға Саят Қыстаубаев лайық болды.
Аударыспақта балуандар ат үстінде жүріп күш сынасты. Бұл сында 1-орынды Біржан Қосалиев иеленді. 2-орынның иегері Арман Сағымбаев, 3-орынның иегері Данияр Смайлов атанды.
Асау үйретуде Өмірбек Төлегенов 1-орын, Ерасыл Диханбаев 2-орын, Жанәділ Ғазизов 3-орын алды.
Ал көкпардың финалында Астана қаласының құрамасы мен Ақмола облысының командасы кездесіп, бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде астаналықтар қарсыластарын 6:0 есебімен жеңіп, 1-орын алды. 2-орынды Ақмола облысы, 3-орынды Қостанай облысы иеленді.