ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов Шымкенттегі облыстық орталық мешітте болып, айт намазына жиылған жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Бұл қасиетті мереке бірлік пен ынтымақты, достық пен шаттықты насихаттайды. Құрбан айт мейрамы қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мереке. «Құрбан» сөзі «жақындау», «тығыз байланыста болу» деген мағынаны білдіреді. Бұл күндер қайырымды жандар үшін сауапқа кенелудің айы болып саналады»,-деді облыс әкімі өз құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде облыстық мешіттің бас имамы Ахметжан Керімбек аймақтағы 800-ге жуық мешітте айт намазы оқылғанын айтып, бүгінде өңірдегі 1600-ден астам жамағат Құрбан айт мерекесін Меккеде қарсы алғанын жеткізді.
Айт намазынан кейін орталық мешіт жанында ұлттық ойындардан түрлі сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы жүлделер табысталды.