Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан «Қазақ еліне мың алғыс!» монументімен танысты, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Биіктігі жеті жарым метр болатын монумент өңірдегі этномәдени бірлестік төрағаларының бастамасымен қолға алынған болатын. Оңтүстіктегі жүзден астам этнос өкілдері атынан тұрғызылып жатқан нысанның құрылыс барысы туралы облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Бочорошвили жан-жақты айтып берді.
Қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың қазақ еліне деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі ретінде бағаланған монументті алдағы айда аяқтау жоспарлануда.
«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі еліміздегі барлық этностарға ортақ Отанымызды қос алақанымен көкке көтеріп тұрғандай күн бейнесін сипаттайтын шаңырақтан, іргеміздің берік болуын көрсететін керегеден және болашаққа басқан әрбір қадамымыздың нық болуын әлпеттейтін таға іспеттес жарты шеңберден жасалған. Жарты шеңберге «Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныстанған барлық этностар атынан ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС!» деген жазулар бар.