Павлодар қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2016 жылғы 10 қыркүйек күні WRO (World Robotics Olympiad) ережелері бойынша робототехникадан өңірлік жарыстар өткізілді. Олимпиадаға құрамында мамандандырылған мектептерден, Назарбаев Зияткерлік мектебінен және М. Катаев атындағы оқушылар сарайынан 12 команда 24 оқушы қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша негізгі орта топта І дәрежелі дипломмен облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған көптілді лицейінің оқушылары Балгабай Улан және Мажитов Нурдаулет, ІІІ дәрежелі дипломмен дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушылары Уралова Дания және Таупукова Мадина марапатталды.
Шығармашылық орта топта І дәрежелі дипломын дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушылары Нуран Асемгуль және Толеубаева Далия, ІІ дәрежелі дипломын облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған көптілді лицейінің оқушылары Мурат Айхан және Алпысбай Бакытжан, ІІІ дәрежелі дипломын дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушылары Ерсаинова Надина и Абилова Дарина иеленді.
Астана қаласында 1-2 қазанда өтетін робототехникадан республикалық олимпиадада Павлодар облысының намысын өңірлік олимпиаданың жеңімпаз командалары қорғайтын болады.
Айта кетейік биыл Павлодар облысының 56 мектебінде робототехника кабинеті ашылды. Осы бағытта жұмыс істеу үшін 147 мұғалім оқу курсынан өткен. Ауылдық мектептер оқушыларының арасында робототехника үйірмесіне ең көп қатысушы Май ауданында — 295 бала, Лебяжі ауданында — 186 бала, Успен ауданында — 138 бала. Осындай үйірмелер алдағы уақытта Ертіс, Павлодар және Шарбақты аудандарында ашылады.
Облыс бойынша робототехникамен барлығы 3451 оқушы айналысады. Білім беру саласының бұл бағытында оқушылардың санын арттыру мақсатымен Ресей және Қазақстанның аймақтарынан мамандар шақырылып, ұстаздарды оқыту жоспарланып отыр.