Астанада 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін «Таза, қауіпсіз, жасыл қала» акциясы өтеді. Акцияның басты міндеттері елорда тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» таныту саясатын іске асыру, сондай-ақ, экологиялық айлық аясында қала аумағын тазарту, абаттандыру мен көгалдандыру болып табылады.
Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, экологиялық айлық аясында 17 саябақ пен гүлбақтарда жасыл көшеттерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізіледі, гүлзарлар абаттандырылады, рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен ластанған орындар жойылады.
24 қыркүйекте басты шаралардың бірі жалпықалалық сенбілік өтеді. Бұл күні Астана әкімдігі Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ арналарын қоқыстан және тұрмыстық қалдықтардан тазарту мақсатында «Таза өзендер!» экологиялық шарасын ұйымдастырады.
Сонымен қатар, қалалық және республикалық ұйымдардың қатысуымен 7000 ағаш отырғызу жоспарланған.
Аталған акция елорда тұрғындарын қаланы абаттандыруға шақырады. Ұсақ бұзақылыққа назар аудару елордадағы мәдени-адамгершілік ортаны арттыруға мүмкіндік береді, балалар мен жасөспірімдер арасында ұсақ бұзушылықтардың алдын алуға, авариялық жағдайларды азайтуға және балалар арасында травматизмді қысқартуға мүмкіндік береді. Астанада «Таза, қауіпсіз, жасыл қала» акциясы аясында Қазақстан Республикасының ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметкерлерінің және Астана қаласының Ішкі істер департаментінің қызметтері мен барлық бөлімшелерінің жеке құрамының қатысуымен нашақорлықпен, балалар және жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес, учаскелік инспекторлардың, ювеналды полицияның жұмысын күшейту бойынша жедел алдын алу іс-шаралары өтеді.