«Барыс» мұз сарайында семсерлесуден V «Астана қылышы» халықаралық ашық турнирі өтіп жатыр. Жарыс 24 қыркүйекке дейін жалғасады. Турнирге Ұлыбритания мен Қырғызстаннан, Қазақстанның облыстары мен қалаларынан (Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары, Алматы, Қарағанды және Астана қалалары) спортшылар қатысады.
)алалық әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарыстың ашылу салтанатында 200 жуық спортшы олимпиадалық маршпен жүріп өтті.
— Құрметті достар, Астанаға қош келіпсіздер! Биыл «Астана қылышы» турнирі Қазақстан Республикасының елордасында бесінші рет өткізіліп жатыр. Спортшыларға жеңіс қана тілеймін! Ең мықтылары топ жарсын! Семсерлесуден V «Астана қылышы» халықаралық ашық турнирін ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер! – деді Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Самат Қабдулин.
Жарыс екі жас санатында өтеді: 1999 ж.т. және 2000 ж.т. Спортшылар жеке және командалық есепте күш сынасады.
Жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы бойынша ағылшын Стивен Бэйтмэн ақтық сынға өтіп, 3-орынға табан тіреді. Ол турнир чемпионы атанған алматылық Альберт Шешинге есе жіберді. Кадеттер арасында қазақстандық Ильхамжан Анарқұлов топ жарды. Әйелдер арасында Алматы қаласының спортшысы Мелани Хамраева, кадеттер арасында алматылық Александра Тамбовцева чемпион атанды. Командалық жарыстарда ерлер арасында Алматы қ. РМИ командасы, әйелдер арасында Алматы қаласының командасы үздік деп танылды. Жеңімпаздарға Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдары табысталды.
Адина Әзімханова, Мансұр Естеу сәйкесінше, «Жеңіске деген еркі үшін» және «Турнирдің ең техникалық семсерлесушісі» дипломдарымен марапатталды. Ең жас қатысушылар Астана қаласының физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің директоры М. Жакеновтың атынан тиісті дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.