Созақ ауданының Қаратау ауылдық округіне қарасты Ақсүмбе елді мекеніндегі «Ақбикеш» мұнарасына уақытша қаптау жұмыстары жүргізілді. Ел арасында «Ақсүмбе» деген атауға да ие жәдігер ХІІІ-ХІV ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік тізімге енгізілген, деп жазады Созақ аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Тарихи мұраны сақтап қалу мақсатында аудан әкімдігінің бастама көтеруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен реставрациялық жөндеу жұмыстарына дейін арнайы төзімділігі берік материалмен қаптама тігіліп, уақытша қаптау жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмысқа «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы ерекше көңіл бөліп, қажетті көлік техникаларымен қамтамасыз етті.
Қазіргі таңда «Ақбикеш» мұнарасын сақтап қалу, қайта қалпына келтіру, көркейту жұмыстарын қолға алу мақсатында арнайы қор ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталған қорға «Қаратау» ЖШС-нің басшылығы көлемді қаржы аударатынын жеткізіп, өзге өндіріс орындарын да қолдау көрсетуге шақырды.
Тарихи деректерде Ақбикеш мұнарасын ХІІІ ғасырда Дешті-Қыпшақ тайпасы қарауылдық мұнара ретінде салынғаны жазылған. Мұнара биік жерде таудың төмен қабатында орналасқан. Кезінде биіктігі 24 метр шамасындағы қарауылдық мұнара қазіргі таңда 13 метр жобасында, құрылысы лайдан тұрғызылған. Осы күнге дейін мұнара табиғат әсерінен жартылай бұзылып, төбесі мүжіліп, қабырғаларын жаңбыр шайып келген.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері болашақта тарихи құндылықты қайта жөндеп, қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Ол үшін нысанның жобалық сметалық құжаты да әзірленген.