Астанада «Еңбек жолы» қалалық конкурсы алғаш рет өткізілді. Оған «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша 50 өтінім берілді. Жеңімпаздардың есімдері ертең белгілі болады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қоғамда адам еңбегінің беделін өсіруге, жұмысшы әулеттердің көп жылдық дәстүрін нығайтуға бағытталған конкурсқа түрлі салалардағы кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, конкурс қазақстандықтарды ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан отандастарының жетістіктерін мақтан етуге шақырады.
— Еңбек кез келген мемлекеттің, кез келген адамның дамуының негізі, ал еңбек адамы – мемлекеттің басты тірегі болып табылады. Жұмыс орындарының сақталуы, еңбекақының уақытылы төленуі, жаңа жұмыс орындарын құру және т.б. тұрақты бақылауға алынды. Елорда әкімдігі, кәсіпорындар басшыларының және Астана қаласының кәсіподақ орталығының арасында өндірістік процесстерді тұрақтандыру, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдерін, босаған жұмысшыларды әлеуметтік қорғау мен жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі 18 156 меморандум жасалды, — деді Ермек Оспанов.
Еске сала кетейік, Еңбек күнін мерекелеу аясында 23 қыркүйекте сағат 10.00 «Жастар» театры ғимаратында қалалық еңбек Форумы өтеді. Шара аясында «Еңбек жолы» қалалық конкурсының жеңімпаздарын құттықтайды.
— Еңбек күні – өзінің күнделікті еңбегімен болашақты құратын, елінің, отбасының гүлденуіне үлес қосып жүрген азаматтардың мерекесі. Баршаңызға денсаулық, еңбекте табыс пен отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді Ермек Оспанов.
Биыл Еңбек күнін қыркүйектің соңғы жексенбісінде, 25 қыркүйекте аталып өтіледі.