
Қыркүйектің 26-27 аралығында Астанада Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Инновация, технология және білім мәселелері жөніндегі Астана Парламентаралық форумы өтті. 20-дан астам елдердің парламентшілері мен сарапшылары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналған маңызды форумда Мәжіліс Төрағасы қатысушыларға құттықтау сөзін арнай келіп, елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған осы форумның Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуіне айрықша назар аударды.
Форум аясында «Rixos President Astana» қонақүйінде елеулі танымдық маңызы бар сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде Мемлекеттік тарих, Әдебиет, Шығыстану, Философия, Археология, Экономика, Тарих институттарының туындылары, сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ғылыми кітапханасындағы өте құнды сирек кітаптар мен қолжазбалары қойылды.
Ұйымдастырылып отырған бұл шараның ең көне жәдігері — ХІХ ғасырда Стамбулда басылып шыққан қасиетті Құран кітабы. Ол еліміздегі ең көне кітап болып табылады.