Домой Қоғам Алматы Жыл мұғаліміне автокөлік берілді

Жыл мұғаліміне автокөлік берілді

Жыл мұғаліміне автокөлік берілді

9a08a914ae1a0775aecead4a8147613dАлматы облысында «Жылдың үздік мұғалімі — 2016» атағына Жамбыл ауданы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан Нұрғазиева ие болды. Жеңімпаз облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан жаңа автокөліктің кілтін алды. Бұл туралы бүгін мұғалімдер мерекесіне орай Талдықорғанда өткен салтанатты жиында белгілі болды.

Салатанатты шара барысында облыс әкімі Амандық Баталов ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатқа толы еңбектеріңіз жемісті болсын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға қуаныш пен бақыт тілеймін.

Биыл, өздеріңізге белгілі, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Осы ширек ғасыр уақыт аралығында еліміз өркендеп, қанат жайды. Дарынды, талантты  жастарымыз Тәуелсіздіктің жемісін көріп, Президентіміздің салиқалы саясатының нәтижесінде әлемнің әр қиырында білім алуда. Білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға сай дамып келеді. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осы саланы дамытудың нақты мақсаттары белгіленді. Алдағы бұл ауқымды міндеттерді абыроймен орындап, білім мен ғылымды өркендетуде биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Барша жетісулық мұғалімдер қауымына шығармашылық табыс, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Тәуелсіздіктің тұғыры биік, Мәңгілік Еліміздің болашағы кемел болсын! – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Шара бұдан әрі марапаттаумен жалғасып, облыс басшысы А. Баталов үздік білім мекемелері мен қызметкерлеріне сый-сияпаттарын ұсынды. Жеті номинация бойынша өткен байқаудың қорытындысына сай Қарасай ауданындағы «Бота» балабақшасы «Үздік балабақша» атанса, Ақсу ауданындағы Қ. Сәтпаев мектеп-гимназиясы «Үздік ауыл мектебі» аталымында үздік шықты. «Үздік кәсіби білім беретін мекеме» сыйлығы Есік гуманитарлық-экономикалық колледжіне берілді. Жеңімпаздарға 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық берілді.

Сондай-ақ сынып жетекшілері мен қосымша білім беретін мекемелер арасынан да үздіктер аталып, оларға 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық ұсынылды.

Ал «Орта білім беретін үздік мекеме» номинациясында Қапшағай қаласындағы орта мектеп-гимназиясы жеңімпаз атанып, 18 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Педагогтар атынан сөз алған «Үздік жыл мұғалімі» атанған Гүлхан Нұрғазиева көрсетіліп отырған қолдаулар үшін алғысын жеткізді.

— Мен бүгінгідей аса маңызды мерекеде жеңімпаз атанып, құрметке бөленгеніме шын жүректен баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл — біздің ортақ жеңісіміз, менің ұжымымның, менің оқушыларымның жеңісі. Осы салтанатты жиынды пайдаланып, білім беруге, ұрпақты тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасап отырған Мемлекет басшысына алғысымды айтқым келеді. Біз, педагогтар, өз тарапымыздан Отанымыздың гүлденуі жолында шаршамай-талмай еңбек ететін боламыз, — деді Г. Нұрғазиева.

Сонымен қатар үздік қызметкерлерге құрмет грамоталары, алғыс хаттар, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медалі берілді.

Шара соңында жиналғандар назарына мазмұнды концерт ұсынылды.

Осы күні І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев облыстың 10 мектебіне робототехника кабинеттерінің құрал-жабдықтарын сыйға тартты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here