«Свадьба на троих» атты комедиядан кейін танымалдыққа ие болған режиссер Асқар Бисембиннің «Адель» атты жаңа туындысы кинотеатр экрандарына 15 қазанда шығады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Картина қайсар әрі бірбеткей Адель есімді қыз бен атақты композитор Бекжанның арасындағы романтикалық оқиғаларды баяндайды. Екі ғашықтың ролін әнші Әсел Сәдуақасова мен актер Берік Айтжанов сомдайды. Айта кетейік, дәл осы роль үшін Берік мырза өз имиджін түбегейлі өзгерткен, яғни шашын өсіріп, сақал-мұрт қойған. Ал Әсел Сәдуақасова өз рөлімен бірге фильмнің продюсері деген міндетті қатар алып жүр.
Кино түсірілімі Алматы қаласында өтті. Сценарийін жазғандар Асқар Бисембин және Сергей Пак, композиторы — Павел Ли. Сонымен бірге, «Адель» фильміне екі саундтрек жазылды, оларды Дильназ Ахмадиева мен Қайрат Нұртас орындайды.