Бүгін Талдықорғанның Қала күні мерекесіне орай 100 метрлік алма қосылған бәліш пісірілді. Қала тұрғындары мен қонақтарын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады.
Биылғы жылы талдықорғандықтар дәстүрлі Қала күні мерекесін жаңадан салынған «Жастар» саябағында бірінші рет атап өтіп отыр. Саябақта көңілді жарыстар мен байқаулар, қаланың жетістіктері мен жоспарларын паш ететін түрлі көрмелер ұйымдастырылды.
Осы күні мерекеге орай арнайы 100 метрлік алма бәліші пісірілді. Бәлішті дайындауға 450 кг алма, 390 кг ұн, 177 кг қант, 90 литр сүт, 70 кг май, 5 кг ашытқы мен 300 жұмыртқа жұмсалған.
Талдықорғандықтарға арнаған құттықтау сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов:
— Бүгінгі күні Талдықорған өзінің әсем де көрікті келбетімен алыстан көз тартады. Шаһарымыздың күн сайын жаңарып, көз алдымызда гүлденуі – бәріміз үшін зор қуаныш. Талдықорған қаласы өзінің тарихында біраз кезеңдерді өткерді. Соңғы облыс орталығы статусын алғалы бері қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, қалаға көшіп келушілер саны да арта түсті. Жетісудың бас қаласында білім мен өнер кең қанат жайып, жастарымыз заман көшіне ілесіп, жаңашылдыққа бет бұрып келеді.
Қалада жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, автомобиль жолдары қайта жаңаруда, қаланы көріктендіру, аббаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, — деп атап өтті.
Мұнан кейін облыс әкімі сөзін ізгі тілектермен жалғап:
— Жетісудың астанасы – Талдықорған қаласының күні құтты болсын!
Жасыл қала – Бақ қалаға, жастардың арманы орындалатын ғажайып мекенге айналсын! Тәуелсіз еліміздің бақ-дәулеті асып, береке-бірлігі арта берсін! – деді А. Баталов.
Бұл күні қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын өтетін байқаулардың, атап айтқанда «Үздік ПИК», «Үлгілі үй», «Үздік аула сыпырушы», «Үздік қоғамдық көлік жүргізушісі», «Үздік мұғалім», «Үздік дәрігер», «Үздік учаскелік инспектор», «Қызмет көрсету саласының үздігі», «Үздік ұста» номинацияларының жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, марапатталды. Талдықорған қаласының Құрметті азаматтары қатары тағы бірнеше азаматпен толықты.
Шараның салтанатты бөлігі облыс өнерпаздарының мерекелік гала-концертімен жалғасты.
Қала күнін тойлау Қазақстан эстрадасының жұлдыздары «Рензо», «Лашын» топтары мен Димаш Құдайбергеновтің қатысуымен өтетін жастарға арналған би кешімен, отшашумен аяқталады.
Қала күні аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жалпы құны 69,5 млн. теңге болатын, көлемі 135 тоннадан астам азық-түліктің 46 түрі саудаланды.