Оңтүстік Қазақстан облыстық соты, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі аппаратының ассамблеясы хатшылығы, Оңтүстік Қазақстан облысының әділет департаменті, Оңтүстік Қазақстан облысы адвокаттар алқасы, Оңтүстік Қазақстан облысы наториаттық палатасы қоғамның құқықтық тұрғыдан дамуын және ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастығын орнату мақсатында Оңтүстік Қазақстан облыстық соты мен Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі арасында түзілген өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қосылу жөнінде келісім жасады, деп жазады «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.
Облыстық сотта өткен салтанатты жиынды облыстық соттың төрағасы Нұрсерiк Шәрiпов ашып, бекітілген келісім негізінде тараптар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, медиацияны қолдану арқылы дауларды шешу кезінде өзара әрекеттесу бойынша бірлескен жүйелі жұмыс атқаратынын атап өтті.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов медияция желісін дамыту Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеген жаңа функционалдық бағыттарының бірі екенін айтып, бұл тұрғыда өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Меморандумға қосылу туралы келісімге қол қою барысында тараптар аталған бағытта ынтымақтастыққа және тұрақты түрде халық арасында түсiндiру жұмыстарын жүргiзуге әзiрлiктерiн жеткiздi.