ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығына Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов тағайындалды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Бұл қызметіне дейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Б.Атамқұлов 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысы Ұзынағаш ауылында туған. Қазақ политехникалық институтының түлегі.
Еңбек жолын 1985 жылы Завенягин атындағы Норильск тау-кен металлургия комбинатының Жез балқыту зауытында балқытушы болып бастаған ол шебер, рафирленген цехтың аға шебері т.б. қызметтерінде болып, жеке секторда – өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеді. 2006 жылдан бастап – кеңесші, Ресейдегі Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі лауазымдарына тағайындалған Б.Атамқұлов, әр жылдары, Ирандағы Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулы, Малайзия, Индонезия Республикасы, Бруней-Даруссалам, Филиппин республикасында Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы, Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерінде болды.
2015 жылдың тамыз айынан бастап, бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Бейбіт Бәкірұлы 1 жыл 2 айдағы жауапты қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеріп, облысқа инвестиция тартуда ілкімді істер атқарды.