Назарбаев Университеті мен КИМЭП отандық жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін «Институционалдық зерттеулер және олардың білім беру ұйымдарындағы рөлі» тақырыбында арнайы семинар өткізді. Семинарға еліміздің әр өңірінен келген 20 оқытушы қатысты. Аталмыш жиын университтерде академиялық білім беру сапасын көтеруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Назарбаев университетінің Академиялық сапаны арттыру басшысы Дункан Пристли семинардың қазақстандық жоғары оқу орындары үшін маңызды екендігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл тәжірибе еліміздегі университеттердің басқару тиімділігін арттырады.
— «Аталмыш семинардың мақсаты – қазақстандық жоғары оқу орындарына институционалдық зерттеулердің маңыздылығын түсіндіру. Семинарға Солтүстік, Орталық және Батыс Қазақстан өңірлерінде орналасқан университеттің 20-дан астам өкілі қатысуда. Семинар барысында оқытушылар институционалдық зерттеулермен танысып, өздерінің академиялық көрсеткіштерін жақсарта алады. Институционалдық зерттеулер – студенттің академиялық үлгерімі туралы және т.б. ақпараттардың жиынтығы. Бұл зерттеулер стратегиялық жағынан маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, университет ректоры осы көрсеткіштерге қарап, тиісті шаралар жүргізетін болады. Аталмыш тәжірибе АҚШ-та енгізілген болатын. Сондықтан Назарбаев Университеті еуропалық стандарттар бойынша осы бағытта жұмыстар жүргізуде», — деді ол.
Семинар КИМЭП университетінің 25 жылдығын тойлау аясында және Назарбаев Университетінің тәжірибесін қазақстандық жоғары оқу орындарына трансляциялау бойынша ұйымдастырылды.
Айта кетейік, келесі жиын 10 қазанда Алматы қаласындағы КИМЭП Университетінде өтеді.Оған Оңтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерінің ЖОО оқытушылары қатыса алады.